Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда 11 мың шақырым жол ақылы болады

2020 жылдың 1 қазан 2020 20:12

БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Елімізде жыл санап ақылы жол көлемі артып келеді. Осы орайда ақылы жол процесі қалай жүзеге асырылады және бағаның қалай бекітілетіндігі туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақылы жолдардың тарифін бекітер алдында алдымен қоғамдық тыңдау өтеді. Яғни көпшілік жұрттың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Қазіргі уақытта ақылы жол бағасы жеңіл көлік үшін 1 шақырымы 1 теңгені құраса, жүк көліктері үшін 15 теңге тұрады. Бұл тариф 2013 жылы қойылған содан бері өзгерген жоқ. Тағы бір айтып кетерлігі, бұдан әрі әр жол учаскесіне жеке баға орнатылатын болады. 2024 жылға дейін елімізде 11 мың шақырым жолды ақылы қыламыз деген жоспарымыз бар», - деді Ұ. Әліпов.

Ұлттық компания басшысының мәлімдеуінше, ақылы жолдардан түскен қаржы сол жолдарды қайта жөндеуге жұмсалады.

«Республика бойынша 24 мың шақырым жол бар болса, соны күтіп ұстауға нормативке сәйкес бізге бюджеттен 54 млрд теңге қаржы берілуі керек. Бүгінде берілгені 28 млрд теңге ғана, ал қалғанын біз ақылы жолдың есебінен өндірудеміз. Себебі жолдан ақау шыққан жағдайда дереу жөндемесе оның жұмысы көбейіп кетеді, ал ол үшін қаржы керек. Ал жетпеген жағдайда Үкіметтен қосымша қаражат сұрайтын боламыз. Ол үшін алдымен сараптама жұмыстарын жүргіземіз», - дейді ол.

Оның айтуынша, ақылы жолды тұтынушы көліктің саны көбейген сайын, бағаны өсірмей керісінше түсіру керек.

«Тағы бір жаңалығымыз болашақта ақылы жолдарды аутсорсин компанияларға бермекпіз. Қазіргі күні елімізде 4 ақылы жол учаскесі болса, соның 3-н аутсорсингке береміз. Барлық процесс онлайн түрде жүріп жатыр, оның алғашқы нәтижесі алдағы 5 қазанда белгілі болады. Бұл дегеніміз ақылы жолдарды жеке меншік компаниялар күтіп ұстайды. Яғни белгілі бір жер учаскесіне бекітілген компания жолдың сапасына және қажет болғанда жөндеу жұмыстарын жүргізуге толықтай жауапты болады», - дейді компания басшысы.

Айта кетсек, аталған компания «Қарағанды - Балқаш» тасжолының қайта жөндеу жұмыстарымен таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды.


Жоғары қарай