Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 22 қыркүйек 2019 12:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, еліміздің қорғаныс саласында кадрлық ауыс-түйіс жасады. Жергілікті атқарушы органдарда да кадрлық өзгерістер болды. ҚазАқпарат әдеттегідей апта ішінде болған тағайындауларға шолуын ұсынады.

Сонымен Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындалды.

Ерлан Жақанұлы 1962 жылы Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары болып бастаған ол Сенат депутаты, ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары – ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілі, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі, аталған министрліктің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары – ҚР Үкіметінің Мәжілістегі өкілі қызметтерін атқарды. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болған. 2017 жылғы 14 наурызынан бастап соңғы тағайындалуға дейін Қарағанды облысының әкімі қызметінде болды. «Парасат», «Құрмет» ордендарымен және мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

Осы уақытқа дейін Президент әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Ал Мемлекет хатшысы болған Марат Тәжиннің қандай қызметке баратындығы әзірше белгісіз.

Қырымбек Елеуұлы 1955 жылы 20 мамырда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институты, СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы бітірген. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі, Алматы қаласы Калинин ауданының әкімі, ҚР Министрлер Кабинеті Аппараты басшысының орынбасары - ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы - Баспасөз қызметінің жетекшісі, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі, ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі, ҚР Білім және ғылым министрі болды. Одан кейінгі жылдары Батыс-Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Финляндия, Армения Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінқоса атқарушы, Маңғыстау облысының әкімі, ҚР Президентінің кеңесшісі ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысының әкімі қызметтерін атқарды. 2019 жылдың 28 маусымында Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған еді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына Роман Васильевич Скляр келді. Роман Васильевич 1971 жылы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген. Павлодар қалалық мемлекеттік сатып алу басқарма бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары, Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі, Астана қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі, «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің VІ шақырылымында «Нұр Отан» партиясынан депутаты, ҚР Экономика вице-министрі, ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі. болды. 2019 жылғы ақпаннан бері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарып келді. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Қойшыбаев ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Ғалымжан Телманұлы 1968 жылы 12 сәуірде дүниеге келді. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Жоғары мектебін бітірген. ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстанның Литва, Латвия, Эстония, Финляндия Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Жаңа қызметке келгенге дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындалды.

Жеңіс Қасымбек 1975 жылы 7 қаңтарда Жамбыл облысы Шу қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Еуразия университетін бітірген. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Көліктегі тарифтік саясат департаментінің, Су көлігі департаменті директорының директоры болған. «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры қызметін атқарған. ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі, жауапты хатшы, ҚР Көлік және коммуникациялар министр, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары министрі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып жұмыс істеген. 2019 жылдың ақпанында ҚР Премьер Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған. «Құрмет» орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Мемлекет басшысының Өкімдерімен бірнеше тағайындау болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлік Шәкірұлы Әли Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастығы ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші қызметіне; Нұрболат Еркебайұлы Топаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы қызметіне; Асан Қуанышұлы Жүсіпов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды.

Мұхтар Тілеуберді ҚР Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды.

Мұхтар Бескенұлы 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1993 жылдан ҚР Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен. ҚР Сыртқы істер вице-министрі, Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Индонезиядағы, Бруней Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, ҚР-ның Женевадағы БҰҰ бөлімшесіндегі және басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі, Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, еліміздің Лихтенштейн кіняздігіндегі және Ватикан мемлекетіндегі дипмиссиясының басшысы міндетін қоса атқарушы болды. 2016 жылғы наурыз айынан бері ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындалды.

Бейбіт Бәкірұлы 1964 жылы 19 мамырда дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербург экономика және қаржы мемлекеттік университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің Кеңесшісі, Кеңесші-уәкілі, Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы, . Қазақстан Республикасының Малайзиядағы және Филиппин, Индонезия, Бруней-Даруссалам сұлтандығында қоса атқарушы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды. 2018 жылдың 26 желтоқсанынан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігін басқарды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. «Құрмет» орденінің, мерейтойлық медальдардың иегері.

ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен Әбдірахымов Ғабидолла Рахметоллаұлы ҚР Үкімет басшысының кеңесшісі болып тағайындалды.

Ғабидолла Әбдірахымов 1975 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген, «Болашақ» бағдарламасымен неміс Мемлекеттік басқару жоғары мектебінде оқып, мемлекеттік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алды. Түрлі жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігін, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарған. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің басшысы, «Nur Otan» партиясының хатшысы лауазымдарын атқарған. 2015-2017 жылдары, сондай-ақ 2018-2019 жылдар аралығында Шымкент қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ақерке Ахметова әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ақерке Естайқызы 1975 жылы Алматы қаласында туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Көкшетау университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Болашақ бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Sheffield университетін бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Түрлі жылдары коммерциялық салада жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап ҚР Әділет министрлігінің құрылымында жұмыс істейді. Бас маман, халықаралық келісімшарттар жобаларын сараптау бөлімінің басшысы, Департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2015–2017 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің Халықаралық құқық және ынтымақтастық департаментінің директоры. 2018 жылғы наурыздан қазіргі таңға дейін ҚР Әділет министрлігінің Мемлекеттік мүлік құқығын қорғау департаментінің директоры лауазымын атқарған.

Асан Дарбаев ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Асан Көбентайұлы 1984 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Warwick университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған. Түрлі жылдары «Бәсекелі саясатты дамыту және қорғау орталығында», Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарған. 2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау департаментінің директорының орынбасары болды. 2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау басқармасын басқарды. 2015-2017 жылдары — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасының орынбасары. 2017 жылдан бастап қазірге дейін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

Қуандық Айтмағанбетов Алматының Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Қуандық Айтмағанбетов 1980 жылы 8 сәуірде туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін, Орталық Қазақстан академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласы Абаттандыру басқармасының жол жұмысшысы болып бастаған. 2002-2016 жылдар аралығында «Қалкоммуншар» МКК жөндеу-құрылыс басқармасының прорабы, «Астанақұрылысинжиниринг» ЖШС жетекші инженері, Астана қаласы Құрылыс департаментінің инженер-құрылысшы міндетін атқарушы болған. 2008-2016 жылдар аралығында Астана қаласының Құрылыс басқармасында талдау бөлімінің бас маманы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2016 жылдың желтоқсанынан 2019 жыл аралығында Алматы қаласының Құрылыс басқармасында жоспарлау және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы, басшының орынбасары қызметтерін атқарған. 2019 жылдан жаңа тағайындауға дейін Алматы қаласы Жайлы орта басқармасы басшысының орынбасары болған.

Алматы қаласы әкімінің өкімімен Бақытжан Наурызбеков Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды .

Бақытжан Наурызбеков 1983 жылы 2 тамызда туған. Алматы технологиялық университетін, М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын, Тұран университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде қызмет көрсетуді дамыту бөлімінің маманы ретінде бастаған. 2005-2016 жылдары Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті сауданы дамыту бөлімінің бастығы, Бостандық ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы, Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2016-2018 жылдары Медеу ауданы әкімінің орынбасары болды. 2018 жылдан жаңа тағайындауға дейін Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Павлодар облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Мұрат Әбілқалықов тағайындалды.

Мұрат Әбілқалықов 1988 жылы дүниеге келген. «Жылу энергетикасы» және «Экономика» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. 2009-2014 жылдар аралығында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті электр энергетикасын дамыту басқармасының сарапшысы болып жұмыс істеді. 2014 жылғы қаңтар – 2015 жылғы шілде аралығында Павлодар облысы энергетика басқармасы энергоменеджмент бөлімінің басшысы лауазымын атқарды. Жаңа тағайындауға дейін Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Солтүстік Қазақстан облысында ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауымен Аққайың ауданына әкім болып Рүстем Елубаев тағайындалды.

Рүстем Елубаев 1969 жылы 27 шілдеде бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданының Май ауылында туған. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы университетін бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Ленин ауданының «Май» кеңшарында тұқым өсіруші-агроном болып бастаған. Түрлі лауазымды қызметте, соның ішінде 2005 жылы СҚО әкімінің кеңесшісі, 2006 жылы Уәлиханов ауданының әкімі, 2007 жылы СҚО Жер қатынастары басқармасының бастығы, 2009-2013 жылдар аралығында Аққайың ауданының әкімі және СҚО Мәдениет, мұрағат және құжаттар басқармасы жетекшісі болды. Осы тағайындауға дейін ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Фитосанитарлық диагностика және болжау әдістемелік орталығы» облыстық филиалын басқарған.

Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі болып Аян Шалмағанбетов тағайындалды,

Аян Шалмағанбетов 1972 жылы 14 ақпанда Нұра ауданы Киевка кентінде дүниеге келген. «Экономист-менеджер», «құқықтану бакалавры» біліктілігі бойынша екі жоғары білімі бар. Ақмола аграрлық университеті мен Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ді бітірген. Еңбек жолын құрылыста жұмысшы болып бастаған. «Қазақстан темір жолы» РМК-да жұмыс істеді, онда жетекші маманнан басқарма бастығының орынбасарына дейінгі еңбек жолын жүріп өтті. Коммерциялық құрылымдарда жұмыс тәжірибесі бар. Мемлекеттік қызметте 2012 жылдан бастап. Орталық атқарушы органдарда басшылық қызметтерде: ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде, ҚР Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істеді. Қарағанды облысының экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары болды. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін облыстық жер қатынастары басқармасын басқарды.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Қоғам, Тағайындау,
Жоғары қарай