Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 8 желтоқсан 2019 12:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі елімізде апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйістер туралы шолуды ұсынады.

Апта басында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Тараз қаласының әкімі лауазымына Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы тағайындалды.

Айтқазы Қарабалаев 1966 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1989 жылы Алматы қаласындағы №54 Тұрғын үй пайдалану басқармасының инженер-технигі болып бастаған. Әр жылдары «Хаир Ихсан» қайырымдылық қоры директорының орынбасары, «Тигро Хауд» сауда-өндірістік қауымдастығы бөлімінің меңгерушісі, директорының орынбасары, Тараз қалалық сауда, шағын және орта бизнес басқармасының бастығы, қала әкімінің орынбасары, Жамбыл облыстық жергілікті бюджеттерге алымдар және жекелеген салық төлемдерін жинау агенттігінің директоры, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, Жуалы ауданының әкімі, «Оңтүстік» ӘКК» АҚ ҰК» өкілдігінің Жамбыл облысындағы директоры, Талас ауданының әкімі, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жамбыл облыстық өндірістік филиалы директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Ал, 2019 жылдың сәуірінен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры лауазымында қызмет атқарып келді.

Еске сала кетейік, бұған дейін қала басшысы болған Қайрат Досаев биыл 21 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тараздағы мектепте болған оқушыны зорлау оқиғасына байланысты және өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін лауазымынан босатылған еді.

Сонымен бірге, өңірдегі белгілі тележурналист Жасұлан Әбдіманап Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды. Жаңа кеңесші өңірдің идеология және ақпарат саласына жауап беретін болады.

Әбдіманап (Әбдіхалық) Жасұлан Лесбекұлы 1980 жылы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы, Ә.Жылқышиев ауылында өмірге келген. Ол жоғары оқу орнын «қазақ тілі мен әдебиеті» және «заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы АҚ Жамбыл облыстық филиалы «Қазақстан-Тараз» телеарнасында тілші болып бастаған. Одан кейін әр жылдары диктор, аға редактор, бас редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы АҚ ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, «Хабар» агенттігі АҚ ақпараттық-сараптамалық жаңалықтар дирекциясының Алматы филиалы бойынша меншікті тілшісі, «Хабар» агенттігі, «24 кз» телеарналарының ақпараттық-сараптамалық жаңалықтар дирекциясының Ақмола облысы бойынша тілшілер қосынының басшысы, «Хабар» агенттігі АҚ ақпараттық-сараптамалық жаңалықтар дирекциясының продюсері қызметтерін атқарған.

Одан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының баспасөз хатшысы – баспасөз қызметінің жетекшісі және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы – баспасөз хатшысы қызметтерінде жемісті еңбек еткен. Кейінгі жылдары Жасұлан Әбдіманап «Қазақтан» Телерадиокорпорациясы АҚ Жамбыл облыстық филиалы «JAMBYL» телерадиоарнасының директоры болды.

5 желтоқсанда тағы бір журналист Мирас Мұқаш «Қазақстан» Республикалық телерадиокешені» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы «AQTÓBE» телеарнасының директоры болып тағайындалды.

Мирас Құлтөлеуұлы Мұқаш – Алматы облысының тумасы. 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген. Республикалық басылымдарда жұмыс істеп, «Хабар» агенттігінің жаңалықтар бөлімінде еңбек етті. Телеарнаның Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болды әрі «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар «Жетінші арнада», оның ішінде «Нысана» қорытынды бағдарламасының тілші-редакторы болды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жаңа тағайындауға дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі болды.

Павлодар облысында Индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болып Бауыржан Қаменов тағайындалды. Бұған дейін Б.Қаменов облыс әкімінің экономика, инвестиция және ішкі байланыстар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған.

1987 жылы туған Бауыржан Қаменов 2008 жылы Инновациялық Еуразия университетін «қаржы» бакалавры, 2014 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «құқық» бакалавры мамандықтары бойынша аяқтаған. «Экономика және бизнес» магистрі. Еңбек жолын 2008 жылы бастаған. Павлодар облысы әкімі аппаратының бас маманы, Павлодар ауданы әкімінің кеңесшісі, Григорьев ауылдық округінің әкімі, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Павлодар қаржы бөлімі басшысының орынбасары болды. 2016 жылдан бері Павлодар облысы әкімінің орынбасары, кейін Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдың маусым айынан жаңа тағайындауға дейін облыс әкімінің экономика, инвестиция және ішкі байланыстар жөніндегі кеңесшісі болды.

Сонымен бірге, бұл аптада Павлодар облысы Баянауыл ауданының әкімі қызметіне Қанат Кәрімов тағайындалды.

Бұған дейін Қанат Кәрімов аудан әкімінің орынбасары болған. Ол 1964 жылы Баянауыл ауданында туған. 1986 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын аяқтап, «тарих, қоғамтану және совет құқығы» мұғалімі мамандығын меңгерген. Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар, мемлекеттік қызметте 15 жылдан бері жұмыс істейді.


Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Тағайындау, Қоғам,
Жоғары қарай