Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 23 наурыз 2020 19:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қалалар мен аудан әкімдері тағайындалды. ҚазАқпарат оқырман назарына 16-22 наурыз аралығында болған тағайындауларды ұсынады.

Өткен аптада Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қызметінен кетті. Жандарбек Бекшин 1958 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 2019 жылдың маусым айынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары - бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметін атқарған.

Оның орнына департамент директоры Ешмағамбетов Айжан Серікбайқызы Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, өткен аптада Ақтөбе облысында бірқатар тағайындау болды. Облысы әкімдігінен мәлім еткендей, аймақ басшысының орынбасары болып Мейрамбек Шермағанбет тағайындалды.

Ол Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Кеңес ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастады. Кейін аталған орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы болды. Әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Қызылорда облысының білім департаментінің директоры, Қызылорда облысының білім басқармасы, тілдерді дамыту басқармаларының басшысы қызметтерін атқарды. 2015-2016 жылдары аралығында «Ақтөбе облысы әкімінің іс басқармасы» мекемесінің басшысы лауазымында қызмет жасады. 2016 жылдан бастап Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі болып қызмет етті.

Сонымен қатар Амангелді Нұғманов облыс әкімі аппаратының басшысы болды. 53 жастағы А. Нұғманов Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының тумасы. Қайнар университетін, Халықаралық құқық қорғау органдарының академиясын (Будапешт қ) ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмәмдаған. Ақтөбе облысы Мәртек аудандық әкімшілігі жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы болып еңбек жолын бастаған. Ақтөбе облыстық кеден басқармасының қызметкері. ҚР Кедендік бақылау агенттігі, Кедендік қорғау және тәртіп басқармасының бастығы болды. Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Жамбыл, Павлодар өңірлерінде осы салада еңбек етті. 2013 жылдан бастап «Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің төрағасы болып жұмыс істеді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы қызметін атқарды. Осы қызметке дейін ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы болды.

Ақтөбе қаласының әкімі болып 42 жастағы Асхат Шахаров тағайындалды. Ол 1999 жылы Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясын дене шынықтыру пәнінің оқытушысы - спорт бойынша жаттықтырушы, 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Атақты спортшы еңбек жолын 2000 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде спорт пәндері кафедрасының аға оқытушысы болып бастады. 2005 жылдың қараша айынан Ақтөбе педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының доценті. 2007 жылдың сәуір айынан Ақтөбе облыстық олимпиадашылар резервін дайындау орталығының директоры. 2013 жылдың маусым айынан бері БҚО Қаратөбе ауданының әкімі қызметін, 2017 жылдың шілде айынан күні бүгінге дейін БҚО Зеленов ауданының әкімі болды.


Бұдан бөлек, Атырау облысы Қобда ауданының әкімі болып Болат Құлов тағайындалды. Ол Ақтөбе педагогикалық училищесін, Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1988 жылы Қобда ауданы, Жарық орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. 1997-1998 жылдары аралығында Қобда аудандық газетінің тілшісі, 2000 жылға дейін Қобда ауданы әкімі аппаратында бас маман болып қызмет жасаған. Әр жылдары Қобда ауданындағы «Мектептен тыс білім беру» мекемесінің, Қобда ауданы Қарағанды орта мектебінің директоры лауазымдарын атқарды. Қобда аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, Қобда ауданы әкімі аппаратының басшысы болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін, Қобда ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.

Ал Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданы әкімінің лауазымына Дархан Ермағанбетов тағайындалды.

Дархан Ермағанбетов 1986 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Батыс-Қазақстан инженерлік-гуманитарлық, «НАРХОЗ» АҚ университеттерінің түлегі. Еңбек жолын 2008 жылы Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының іс жүргізу инспекторы болып бастаған. Ақтөбе облысы білім басқармасының арнайы білім беру, интернаттық ұйымдар және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің жетекші маманы, бас маманы лауазымында қызмет атқарған. Әр жылдары Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасарының бас маманы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы, кейін облыс әкімі орынбасарының бас маманы болып жұмыс істеген. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы болды. 2014-2019 жылдары Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болса, 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымын атқарды.

19 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы әкімі қызметіне Асылбек Шәменов келді.

Асылбек Өмірбекұлы Шәменов 1978 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Халықаралық туризм», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнай-газ кен орындарын игеру» және «Құрылыс» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы «Қызылорда интеграция» компаниясының менеджері ретінде бастаған. 2007-2012 жылдары облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларында жауапты қызметтер атқарған. 2012-2018 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, 2018 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы лауазымын атқарып келді.

Сондай-ақ, бұл күні ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы тағайындалды. Бұл қызметті полиция полковнигі Бауыржан Селтанов атқаратын болды.

Полиция полковнигі Бауыржан Селтанов Ішкі істер органдарында 1995 жылдан бері қызмет атқарады. ҚР ІІМ Қостанай заң институтының түлегі, заңгер. Жедел-тергеу бөлімдерінде жұмыс тәжірибесі мол. Шымкент қалалық ІІБ, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Криминалдық полиция мен Штаб басқармасын басқарған. 2018 жылдан бастап Түркістан облысы ПД Ордабасы АПБ бастығының қызметін атқарған. ҚР ІІМ медальдарымен және грамоталарымен марапатталған.

Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі болып Бақытбек Оспанбеков тағайындалды.

Бақытбек Амантайұлы Оспанбеков 1968 жылы Ақмола облысының Макинск қаласында туған. 1992 жылы Целиноград инженерлік – құрылыс институты бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Макинск қаласындағы «Перспектива» шағын кәсіпкерлігінде прораб ретінде бастаған. 2007-2010 жылдары Бұланды ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі, Бұланды ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Бұланды ауданының құрылыс бөлімінде басшылық қызметтерде болды. 2010-2015 жылдары Петропавл, Көкшетау және Нұр-Сұлтан қалалары әкімдіктерінде бөлім басшысы лауазымын атқарды. 2015-2018 жылдары Целиноград ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды. 2018 жылдың 19-ші сәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы қызметін атқарды.

22 наурызда Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына жаңа әкімі лауазымына Тоқжанов Марат Лұқпанұлы тағайындалды.

Марат Тоқжанов 1965 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Білімі - жоғары, Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясы мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі», «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын 1990 жылы Сәтбаев қаласындағы мектеп-интернатының мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары: − Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының саяси тарих кафедрасының ассистенті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің археология институтының аға ғылыми қызметкері. − Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, бөлім басшысы; − ҚР энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мемлекеттік материалдық қор бойынша комитетінің бөлімінің басшысы; − ҚР Әділет министрлігінің ішкі әкімшілендіру департаментінің бақылау бөлімінің басшысы; − Теміртау қаласындағы әділет басқармасының басшысы; − Орал қаласы әкімінің орынбасары; − БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі; − БҚО білім басқармасының басшысы, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы; − БҚО әкімі аппаратының басшысы; − БҚО әкімінің орынбасары; − ҚР кәсіподақ ұйымдары федерациясы басшысының орынбасары болған. Соңғы тағайындауына дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.


Жоғары қарай