Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 14 маусым 2020 14:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада ведомстволарда, облыс әкімдіктерінде кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу ұсынады.

Аптаның басында экономист Олжас Төлеуов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті болып тағайындалды.

Ол бұрын AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының жеке мекемесі) басқарушы директоры болған.

Олжас Төлеуов 1990 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебін бітірген. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің магистрі. Вусонг университетінің (Корея Республикасы) Solbridge бизнес мектебінде, Ресейдің Орталық банкінде, Чехия мен Швейцарияның Ұлттық банктерінде, сондай-ақ БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясында (ESCAP) тағылымдамадан өтіп, білімін жетілдірген.

Еңбек жолын 2012 жылы Қарағанды облысының Балқаш қалалық коммуналдық шаруашылығында бастаған. 2013 жылы AERC бизнес талдаушысы болып жұмыс істеді. 2015 жылдан 2018 жылға дейін ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Зерттеу және статистика департаментінде іс-тәжірибеден өтуші, жетекші талдаушы және бас талдаушы лауазымдарын атқарды.

2020 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің жанындағы Талдау және әлеуметтік-экономикалық реформаларды мониторингтеу орталығының мүшесі болған.

***

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметіне Айбек Минаимбекұлы Паяев тағайындалды.

Айбек Минаимбекұлы 1980 жылы туған. Жоғары заңгерлік және экономикалық білімі бар. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі - 17 жыл. Оның ішінде 13 жыл басшылық лауазымдар атқарған.

Бұған дейін Ақмола облысы салық департаменті басшысының орынбасары, Қостанай облысы салық департаментінің басшысы, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы қызметтерін атқарған.

***

Павлодар облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жаңа басшы тағайындалды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен аталмыш департаментті Батырбек Әлиев басқаратын болды. Бұған дейін ол ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Батырбек Әлиев 1974 жылы туған. 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша тәмамдады. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқыды. Еңбек жолын 1997 жылы Екібастұз қаласының санитарлық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер болып бастаған. 2001-2002 жылдары Екібастұз санитарлық-эпидемиологиялық қызметінде тағам гигиенасы жөніндегі санитарлық дәрігер болды.

2004 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау құрылымына қайта оралып, 2018 жылға дейін Екібастұздың қызмет көрсету бөлімшесінде бас маман, бөлім бастығы және басшының орынбасары қызметтерін атқарды.

***

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы қызметіне Наталья Ливинская тағайындалды.

Халықаралық қатынастар магистрі Наталья Ливинская еңбек жолын жеке компанияда жоба жетекшісі болып бастаған. Сонымен қатар, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушы болып қызмет атқарды. 2013 жылдан бері мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеп келеді. «Алматы даму орталығы» АҚ-да маман, қалалық урбанистика және қаланы жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болған. Осы уақытқа дейін қала әкімінің урбанистика бойынша кеңесшісі болып қызмет еткен.

***

Бақытжан Мұратұлы Жүнісбеков Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бақытжан Мұратұлы 1981 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған, ұлты қазақ, білімі жоғары. 2003 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Инженер-механик», 2005 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Заңгер», 2007 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Сәулетші» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Жамбыл облысы прокуратурасының штаттан тыс маманы болып бастаған.

2004-2005 жылдары – «Жер сілкінісі салдарынан зақым тиген тұрғын-үй және әлеуметтік мәдени тұрмыс объектілерінің құрылысы және қайта қалпына келтіру дирекциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында инженер-оператор, Жамбыл облысының құрылыс, сәулет және аумақтық құрылыс салу басқармасының мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «бас кәсіпорнының» сәулет-жоспар дайындау бөлімінің инженер-механигі қызметін атқарды.

2005-2006 жылдары – ҚР индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының жетекші маманы, 2006-2010 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және құрылыс басқармасының жетекші маманы, бас маманы, 2010-2012 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы, 2012-2017 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы, 2017-2018 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерінде болды.

2018 жылдың қараша айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

***

Қызылорда облысының қаржы басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

Бұл қызметке облыс әкімінің өкімімен Елена Николаевна Шаврова келді.

Елена Шаврова 1971 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы облыстық қаржы басқармасының экономисі ретінде бастаған. 1994-2013 жылдары Қызылорда облысының қаржы басқармасының жетекші және бас экономисі, сектор меңгерушісі, бөлім бастығының орынбасары, бөлім басшысы жауапты қызметтерін атқарған. 2013 жылдан осы кезге дейін аталған басқарма басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

***

«Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен компанияның басқарма төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды.

Өндірістік мәселелер жөніндегі төрағаның орынбасары қызметіне Мұхтар Керейбаев, корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып Салтанат Шұнаева тағайындалды.

Мұхтар Жұмағазыұлы Керейбаев Алматы темір жол көлігі инженерлері институтын және Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.

Еңбек жолын Семей локомотив депосының ауысым шебері, өндіріс басшысы болып бастады. «Резерв» РМК Семей филиалының басқарушы директоры, Бас директордың бірінші орынбасары, Бас директоры болды. 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейін «Тыныс»АҚ зауыты бас директорының міндетін атқарды. Тағайындалғанға дейін «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды.

Салтанат Аманғосқызы Шұнаева Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. «КОМПЭКС – АТАМЕКЕН» СҮ менеджері, «Қазметаллбанк» АБ жетекші маманы, «Тұранбанк» КАБ халықаралық есеп айырысу бөлімінің экономисі болып жұмыс істеді.

1995 жылдан 2005 жылға дейін – «Еуразиялық банк» АҚ бөлім басшысы, департамент директоры, басқарушы директор, Басқарма мүшесі. «Kazyna Capital Management» департаментінің директоры, басқарушы директор, департамент директоры, 2008-2016 жылдаы «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры болды. Тағайындалғанға дейін «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарушы директоры қызметін атқарды.

***

«Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директорының орынбасарлары қызметіне Айгүл Кәкімбекқызы Сәдуақасова және Ғалымжан Мұратұлы Құсманғали тағайындалды.

Айгүл Сәдуақасова 1973 жылы дүниеге келген.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. «Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар және процестер» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар докторы. 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ОАР-дағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы.

Ғалымжан Құсманғали 1983 жылы Қарағанды облысы Жәйрем кентінде дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған. 2020 жылдан бері – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

***

Жамбыл облымсында жаңа «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды.

Холдингке аймақтағы 3 басылым – «Ақ жол», «Знамя труда» және «Арай» газеттері біріктірілді. «AULIEATA-MEDIA» ЖШС директоры болып белгілі журналист Нұрбек Бекен тағайындалды. Сондай-ақ, ғасырға жуық тарихы бар «Ақ жол» газетінің бас редакторлығына Оралхан Дәуіт келді.

***

Нағи Бақытбеков «Qazsport» телеарнасының директоры болып тағайындалды.

Н. Бақытбеков 1987 жылы дүниеге келген. Бұған дейін «KazFootball» ақпараттық футбол порталының директоры, соңғы үш жылда Қазақстан футбол федерациясы Маркетинг және PR департаментінің директоры қызметін атқарған.

Жоғары қарай