Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 18 қазан 2020 13:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылғанына көп бола қоймаған Төтенше жағдайлар министрлігінің үш вице-министрі тағайындалды. Мұнан өзге де тағайындаулар жергілікті және орталық атқарушы органдарда орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі аталған кадрлық ауыс-түйіске шолу ұсынады.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ибрагим Күлшімбаев ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ибрагим Даукесұлы 1972 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.

1994 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Ресей ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Амантау кеңшарында автопарк механигі болып бастаған. 1996-1999 жылдары — ҚР Қорғаныс министрлігі 1-армия корпусы 78 танк дивизиясы 143 танк полкінің штаб бастығының орынбасары, танк взводының командирі.

2000-2004 жылдары — ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. 2004-2005 жылдары — Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар басқармасы Дайындық және оқыту орталығының бөлім басшысының орынбасары.

2005 жылдан бастап 2009 жылға дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымында жұмыс істеді. 2009-2013 жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою міндеттерін орындайтын ҚР ТЖМ 52859 әскери бөліміне басшылық етті.

2013-2016 жылдары — Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары. 2016 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметін атқарды.

Мереке Пішембаев ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Мереке Құдайбергенұлы 1962 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.

Өскемен жол-құрылыс институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Мамандығы — инженер-құрылысшы, экономист, менеджер.

Еңбек жолын 1985 жылы Павлодар облыстық автомобиль жолдары басқармасының Май аудандық автомобиль жолында аға жол шебері, бас инженер болып бастаған. 1986 жылдан бастап 1996 жылға дейін квазимемлекеттік секторда түрлі лауазымдарды атқарған. 1997 жылғы қыркүйектен 2000 жылдың ақпанына дейін ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде басшылық лауазымдарында еңбек еткен.

2000-2002 жылдары — Солтүстік Қазақстан мемлекеттік автомобиль жолдары мекемесінің директоры, Солтүстік Қазақстан облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы. 2002-2013 жылдары — ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары және инфрақұрылымдық кешен құрылысы комитетінің «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры.

2013 жылдан бастап 2014 жылға дейін — ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі; 2014 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы наурызға дейін — ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.

2019 жылғы наурыздан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды.

Марат Күлдіков ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Марат Мұхаметқалиұлы 1967 жылы Семей облысында туған. 1994 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін «өрттен қорғану техникасы және оны ұйымдастыру» мамандығы бойынша, 2000 жылы ҚР ТЖК Көкшетау техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Семей қаласын күзету жөніндегі ІІБ №79 әскерилендірілген өрт сөндіру бөліміне бағынысты өрт сөндіруші болып бастады.

1993-2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында орта және аға басшы құрамының түрлі лауазымдарын атқарды.

2008-2012 жж. — Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары – Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы. 2012-2014 жж. — Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

2014-2016 жж. — Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы. 2016-2019 жж. — ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары.

2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі қызметіне Талғат Уәли тағайындалды.

Талғат Қанатұлы 1988 жылы ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.

2009 жылы «Қайнар» Семей университетін экономист мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2010 жылы Семей қалалық ТВК-6 телеарнасында журналист қызметінен бастаған.

2011 «Қазақстан» РТРК Семей филиалында редактор-жүргізуші, 2012 жылы «ЭРА» ЖШС Жетінші арна текекомпаниясының жаңалықтар қызметінде журналист болып жалғастырды. 2015 жылы «Хабар» агенттігі» АҚ жаңалықтар қызметінде журналист болып жұмыс істеген.

2016 жылдан бастап «Atameken Business» мультимедиялық телеарнасының жаңалықтар қызметінде арнайы тілші, тележүргізуші және президенттік пул журналисті болып қызмет атқарды.

2019 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі болған. 2020 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінде еңбек еткен.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Айжан Есмағамбетова ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы қызметіне тағайындалды.

Айжан Есмағамбетова 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

1997 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін гигиенист дәрігер, эпидемиолог мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласы №7 емханасында фельдшер-зертханашы болып бастаған.

1997-2004 жылдары Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның аса қауіпті инфекциялар бөлімінде дәрігер-эпидемиолог, дәрігер-бактериолог, зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеген.

2004-2014 жылдары ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің құрылымында жетекші маманнан бастап төрайымға дейін түрлі лауазымдарды атқарған.

2014 жылы – ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры – бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары.

2014-2017 жылдары — ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы.

2017 жылы — ҚР ДСМ стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры. 2017-2020 жылдары — ҚР қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры.

2020 жылғы 23 маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болып Қайрат Миятов тағайындалды.

Қайрат Исатайұлы Жамбыл қаласында 1971 жылда дүниеге келді.

Білімі жоғары: 1993 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша 1997 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «Экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша және 2006 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Заңтану»мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл облысы бойынша Салық инспекциясының аға салық инспекторы болып бастады, онда 2002 жылға дейін шағын бизнес бөлімінің бастығы, келіспеушіліктер және консультациялар бөлімінің бастығы лауазымдарында қызмет атқарды.

2002 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігіне мониторинг және трансферттік баға белгілеу департаментінің халықаралық іскерлік операциялар бағаларының мониторингі бөлімінің бас маманы болып жұмысқа ауысты.

2003 жылдан 2005 жылға дейін ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің салықтық әкімшілендіру басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді.

2005 жылы Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды, онда 2007 жылға дейін жұмыс істеді.

2007 жылдан 2009 жылға дейін ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің салықтық әкімшілендіру басқармасы бастығының орынбасары, содан кейін салықтық аудит басқармасының бастығы лауазымдарында жұмыс істеді.

2009 жылы Астана қаласы бойынша Салық департаментінің Алматы ауданы бойынша Салық басқармасының бастығы болып тағайындалды, онда 2011 жылға дейін жұмыс істеді.

2012 жылдан 2013 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

2013 жылдан 2017 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің оңалту және банкроттық басқармасының, жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының, экспорттық бақылау басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.

2017 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің апелляция департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

ҚР Президенті Әкімшілігі және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Есет Байкен елорданың Сарыарқа ауданына әкім болып тағайындалды.

Есет Берікұлы еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында жетекші маман ретінде бастаған.

Әр жылдары Астана қаласы әкімінің әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы, Астана қаласы әкімінің бас инспекторы, Астана қаласы әкімінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.

Соңғы жылдары ол ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының хатшылығында сарапшы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастырушылық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі қызметтерінде болды.

Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 11 жылдан асады. 34 жастағы Есет Байкен әкімдік бөлімінің маманынан қалалық әкімшіліктің әкім аппаратының жетекшісіне дейінгі қызмет жолынан өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің келісіміне сай және аудандық мәслихат депутаттарының толық қолдауымен Біржан сал ауданы әкімі лауазымына Достанбек Есжанов тағайындалды.

Достанбек Берікұлы 1982 жылы 17 наурызда Ақмола облысының Есіл қаласында туған. Білімі жоғары. 2005 жылы Астана қаласындағы «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

2006-2007 жылдары Есіл ауданы əкімі аппаратының бас маманы, 2007 жылы Астана қаласындағы «Цеснаастық» концерні серіктестігінің заңгері болып қызмет атқарған.

2009 жылдан 2012 жылға дейін Есіл ауданы əкімі аппаратының ұйымдастыру кадр жұмысы бөлімінің бастығы, 2012-2016 жылдары Есіл ауданы əкімі аппаратының басшысы лауазымында қызмет істеді. 2016-2018 жылдары Есіл ауданы əкімінің орынбасары болды.

2018 жылдың наурызынан 2019 жылдың сəуіріне дейін Ақмола облысы əкімі аппараты ұйымдастыру инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Бурабай ауданы əкімінің орынбасары болып қызмет істеді.

«Nur Otan» фракциясының депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин Саяси кеңес бюросының шешімімен партияның Құқықтық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

Қанат Сергейұлы 1966 жылғы 27 ақпанда Целиноград (Нұр-Сұлтан) қаласында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1998-2001 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.

2001-2007 жылдары қаржы Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2007-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңес аппаратында жұмыс істеді.

2010-2012 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары. 2012-2016 жылдары - Астана қаласының Әділет департаментінің басшысы.

2016 жылдың наурызынан бастап алтыншы сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне Григорий Марченко тағайындалды.

Григорий Марченко 1959 жылдың 26 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 1999-2004 және 2009-2013 жылдары Қазақстанның Ұлттық банкін басқарған. Ал 2005-2009 жылдары аралығында «Қазақстанның халықтық жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы болған.

Әр жылдары ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі және көмекшісі, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет еткен. 2013 жылдан бері тәуелсіз сарапшы болып жүр.

Григорий Марченко «Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», Испанияның Orden del Mérito Civil «Азаматтық еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған.

Сонымен қатар ол Испания корольдігінің Алматы қаласы мен Алматы облысындағы құрметті консулы.


Жоғары қарай