Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2021 жылдың 11 сәуір 2021 12:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіске шолуын ұсынады.

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

2013 жылғы желтоқсаннан бастап 47 жастағы Ержан Ашықбаев Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

Ал оның орнына Ақан Ақасұлы Рахметуллин Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымына бекітілді.

Берік Шолпанқұлов 1976 жылы Алматы облысында туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылық мемлекеттік қарыз және кассалық қаржы басқармасының қазынашысы болып бастады. Түрлі жылдары ҚР ҚМ жанындағы қазынашылық жүйесінде басшылық қызметтерді атқарды. 2008 жылдан 2014 жыл аралығында ҚР қаржы вице-министрі болды. 2014–2016 жылдары — ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары. 2016 жылдан бастап ҚР қаржы вице-министрі лауазымын атқарды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкімімен Дина Төлеубекқызы Ғалиева Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.

Ал Түркістан облысында тұңғыш рет әйел адам қала басшысы лауазымын иеленді. Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласының әкімі болып Гүлжан Мамытқызы Құрманбекова тағайындалды.

Гүлжан Құрманбекова 1965 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы халық шаруашылық институтын бітірді. Еңбек жолын Шәуілдір жолаушылар автокөлігі мекемесінің кассирі болып бастаған. 1987 ­– 1992 жылдары Қызылқұм аудандық қаржы бөлімінің кіріс есебінің инспекторы, тексеруші –инспекторы, аға экономисті қызметтерін атқарған. 1992 – 2004 жылдары ОҚО қалалық қаржы бөлімінің аға тексеруші-инспекторы, бас экономист, бас маман-бас экономисті. 2004 – 2005 жылдары – ОҚО білім департаментінің бас маманы, Шымкент қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2007 – 2010 жылдары – Шымкент қаласының қаржы бөлімінің бастығы. 2010 – 2020 жылдары – Шымкент қаласының экономика және қаржы бөлімінің бастығы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2020 жылдан бері Түркістан облысы әкімінің экономика, қаржы мәселелері бойынша кеңесшісі болды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Ақтөбе облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметіне Айбек Қайыр келді.

Ол еңбек жолын 2005 жылы Қобда ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бастаған. Әр жылдары Қобда ауданы әкімі аппаратында жұмыс істеді. Қобда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болды. Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі басшысының орынбасары, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Осы лауазымға тағайындалар алдында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болды.

Бұл аптада «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ-ның жаңа басқарма төрағасы тағайындады. Аталмыш лауазымға Асылбек Есімқанұлы Есенбаев ие болды.

Асылбек Есенбаев – білімі бойынша экономист, 1998 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді. Саяси ғылымдар кандидаты. Еңбек жолын Қазақстанның Даму институтында ғылыми қызметкер ретінде бастаған. «Стратегия» талдау орталығы, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты секілді ғылыми-зерттеу құрылымдарында жұмыс істеді. ҚР Президенті Әкімшілігінде, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінде, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде қызмет жасады. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде басқарма басшысы лауазымын атқарды.

Сонымен бірге, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Олег Крук тағайындалды.

Олег Крук 1967 жылы Павлодарда дүниеге келген. 1992 жылы Павлодар индустриалды институтын бітіріп, өнеркәсіптік жылу энергетик мамандығын иеленді. Еңбек жолын 1988 жылы Павлодар ЖЭО-3-те слесарь болып бастаған. Университетті бітіргеннен кейін ол еңбек жолын жылу-электр орталығында жалғастырып, қазандық бөлімінде инженер-технолог, кейінірек бас инженердің орынбасарына дейін өсті. 1997 жылы Олег Крук «CCL-Energo Company» ЖШС сатып алу бөлімінің бастығы болды. 1999 жылдан 2002 жылға дейін «Солтүстік Қазақстан энергетикалық компаниясы» ЖШС, «Казснабцентр» ЖШС, «Казпромресурс» ЖШС және «Теплоцентр-Северный» ЖШС Павлодар филиалында қызмет етті. 2002 жылы «Павлодарэнерго» ААҚ жылу желілерінің директоры болып тағайындалды. 2006 жылы «Павлодар жылу желілері» компаниясын басқарды. 2007 жылы Олег Крук мемлекеттік қызметке ауысып, Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына тағайындалды. 2008 жылы ол Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, осы лауазымда төрт жылдан астам қызмет етті. Кейін кәсіпкерлікпен айналысты. 2020 жылы ол Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығына тағайындалып, онда бүгінгі күнге дейін жұмыс істеді.

Қызылорда қаласына да жаңа әкім келді. Бұл лауазымға Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаев тағайындалды.

Ғ. Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш аудандық 9-шы жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде бастаған. 1983-1992 жылдары Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 3-ші ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механизацияланған колоннаның бас инженері. 1992-2013 жылдары «Нефтегазстрой Кызылорда» корпорациясының президенті, «Ай-Дан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «ССК «Ақмешіт» акционерлік қоғамының президенті, «Ай-Дан Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Сырдариямұнай» акционерлік қоғамының бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Kazpetrol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры. 2013-2019 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған. 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Павлодар облысы әкімінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары да ауысты. Бұл қызметке Динара Шаймұратова тағайындалды.

Динара Шаймұратова 1978 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 2000 жылы Алматы технология және бизнес университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдап, 2017 жылы қаржы академиясында экономика және бизнес магистрі дәрежесін алды. Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласы мен Алматы облысының салық органдарындағы қызметтерден бастады. 2000–2004 ж.ж. Қаржы полициясы агенттігінде жұмыс істеді. Осыдан кейінгі 17 жыл ішінде Динара Шаймұратова ҚР Қаржы министрлігінде еңбек етіп, онда бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімі мен ішкі қаржы әкімшілік департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. 2018 жылдан бастап бүгінгі тағайындалуына дейін ҚР Қаржы министрлігінің жоспарлау және бухгалтерлік есеп департаментін басқарды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқармасының шешімімен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалады.

Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы Жамбыл қаласында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мұнай өнеркәсібін оқыту орталығын (Италия) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, мұнай әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 1991 жылы жеке коммерциялық компанияның басшысы болып бастаған, онда 1997 жылға дейін жұмыс істеді. 1997-1998 жж. — ҚР Кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры. 1998-2000 жж. — «Қазақстан темір жолы» РМК департаментінің директоры. 2000-2002 жж. — «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ААҚ-ның бірінші вице-президенті; бас менеджері, қайта құру жобасын басқару тобының жетекшісі. 2002-2004 жж. — «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ Инжинирингтік және сервистік жобалар департаментінің директоры. 2004-2007 жж. — «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры. 2007-2020 жж. — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры. 2010-2011 жж. — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі; басқарушы директоры. 2011-2014 жж. — индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. 2014-2016 жж. — қорғаныс министрінің орынбасары. 2016-2017 жж. — ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы. 2017-2018 жж. — Шымкент қаласының әкімі. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен Аян Бахиянов Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Бұған дейін ол Балық шаруашылығы комитетінің Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Аян Бахиянов 1983 жылы 2 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін «Өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша бітірген. Балық шаруашылығы саласында 2005 жылдан бастап жұмыс істейді, еңбек жолын салалық комитеттің жетекші маманы қызметінен бастаған.

Апта соңына қарайы Әсен Жақсылықов Зеренді ауданының әкімі болып тағайындалды

Әсен Жақсылықов 1980 жылдың 3 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы Чистопольский ауданы Баррикады аулында туған. Білім жоғары, «Фемида» Қарағанды заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын 1998-2000 жылдары «Гормолзавод» ЖШС слесарь – наладчик болып бастады. 2000 жылы зауыт механигі, 2001-2003 жылдары «Гормолзавод» ЖШС бас инженері болып жұмыс істеді. 2004-2005 жылдары «Гормолзавод» ЖШС филиалының директоры, кейін 2005 жылдан бастап «Гормолзавод» ЖШС директоры болды. Ақмола облысы кәсіпкерлер қауымдастығы басқармасының мүшесі, 5-ші шақырылған Көкшетау қалалық мәслихат депутаты

Мемлекет басшысының тағы бір өкімімен Қанатбек Бақытұлы Жайсаңбаев ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болған Нұрлан Сауранбаев лауазымынан босатылған еді. Кейінірек Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ» басшысы қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Мұхтар Жұмағазыұлы Керейбаев «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Мұхтар Жұмағазыұлы 1964 жылғы 6 қазанда Семей облысында дүниеге келген. Алматы инженер және теміржол көлігі институтында «инженер-механик» мамандығы, Қазақ гуманитарлық заң академиясында «құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. 1986-1991 жылдары Семей локомотив депосында шебер және өндіріс бастығы болып жұмыс істеді. 2000-2007 жылдары «Резерв» РМК-да: Семей филиалында менеджер және басқарушы, «Балқаш» филиалының директоры, Астана қаласы бойынша «Резерв» РМК бас директорының бірінші орынбасары және бас директоры лауазымдарын атқарды. 2010-2015 жылдары «Тыныс» АҚ зауытының Бас директоры қызметін атқарды. Ол қосарланған мақсаттағы өнім өндірумен және азаматтық саладағы өндіріспен айналысады. 2015-2017 жылдары Астана қаласы әкімдігінің бірқатар ведомстволық бағынысты ұйымдарын басқарды. 2020 жылдан бастап «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары лауазымында қызмет істейді. 2021 жылғы наурыздан бастап «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы болды. Керейбаев Мұхтар Жұмағазыұлы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Кеше ғана Сәбит Шілдебай «Орталық мемлекеттік архив» Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды.

Сәбит Шілдебай - 2006-2008 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Қоғамдық пәндер кафедрасының доценті міндетін атқарушы; 2008-2011 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ «Отан тарихы» кафедрасының доценті (ғылыми атақсыз) әрі тарих факультетінің ғалым-хатшысы; 2011-2014 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ Магистратура және PhD докторантура институты директорының тәрбие және ғылыми істер жөніндегі орынбасары, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы; 2014 жылдың қыркүйегінен бастап «Алматы» университетінің деканы; 2015-2017 жылдары «Алматы» университетінің ректоры; 2017-2018 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ КБББАҚО директоры; 2018 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ Тәрбие және жастар саясаты департаментінің директоры, «Алматы» университеті ректорының кеңесшісі; 2019 жылдың мамырынан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Бір монография, бір оқу құралы, 3 ғылыми жинақ пен 150-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Сонымен қатар 150-ден аса публицистикалық, журналистік зерттеу және саяси сараптама мақаласы БАҚ-да жарық көрген. Тарих ғылымының кандидаты, ҚР Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты (2010).

Жоғары қарай