Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2021 жылдың 30 мамыр 2021 12:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Апта басында Павлодар облысындағы Ақсу қаласының әкімі болып Жанат Шұғаев тағайындалды.

Жанат Шұғаев 1960 жылы Павлодар облысының Май ауданында дүниеге келген.

1983 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Павлодар облысының «Маяк» кеңшарында бастаған.

1985–1989 жылдары – Павлодар облыстық мамандандырылған экономикалық бірлестігінің бас агрономы.

1990–1991 жылдары «Маяк» кеңшары директорының орынбасары болып қызмет етті.

1991–1997 ж.ж. «Павлодар БАТТ» компаниясын басқарды.

1997–1998 жылдары ол «БАТТ» корпорациясының Солтүстік Қазақстан облысындағы басшысы болды. Содан кейін ол бес жыл бойы Петропавлда алдымен «Смирновский элеватор» АҚ, содан кейін «Қиялы Астық» ЖШС кәсіпорындарын басқарды.

2003 жылы ол СҚО Аққайың ауданының әкімі болып тағайындалды.

2004-2006 жылдар аралығында – «Мамлютский мукомольный комбинат» ААҚ президенті.

2006 жылдан 2007 жылға дейін – Көкшетау қаласындағы «БАТТ Агроинвест» ЖШС бас директоры.

2007 жылдан 2009 жылға дейін Щучинск қаласындағы «Агрофирма Бурабай 2007» ЖШС басқарды.

2009–2012 жылдары Павлодар облысы Железин ауданының әкімі, 2012–2013 жылдары – Ертіс ауданының басшысы қызметтерін атқарды.

2013 жылдан 2014 жылға дейін Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы.

2014 жылдан 2018 жылға дейін - Качир ауданының әкімі (2018 жылдың қыркүйегінен – Тереңкөл ауданы).

2018 жылдың желтоқсанында ол Павлодар ауданының әкімі болып тағайындалды.


Сондай-ақ, Қарағанды облысындағы Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Сапар Сатаев Приозёрск қаласының әкімі болып бекітілді.

Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы бастаған. «Қазақавтожол» РМК-да жұмыс істеді, «Ботақара су қожалығы» КМҚК директорының орынбасары, директордың міндетін атқарушы болды.

2010 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Әкім ретінде Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентін басқарды.

2013 жылдан 2015 жылға дейін Қарағанды облысы Абай ауданы Абай қаласының әкімі болды.

2015 жылдан бүгінгі таңға дейін Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.


Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Айжан Болатқызы Шайназарова ведомство аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Айжан Шайназарова 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

Санкт-Петербург мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебін бітірген, Дьюк университетінде тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі институтының Алматы филиалында аға лаборант қызметінен бастады.

1994-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

1999-2001 жылдары — Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы.

2001-2004 жылдары — ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ұйымдастыру жұмысы және әлеуметтік технологиялар департаментінің талдау және мониторинг орталығының бас маманы, басшысы.

2004 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында — ҚР ақпарат министрлігінің Әлеуметтік технологиялар департаментінің талдау және мониторинг орталығының бастығы.

2004-2021 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған.

2021 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі таңға дейін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.


ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігінде де аппарат басшысы ауысты. Министрдің бұйрығымен Арман Шоқанұлы Кенжеғалиев ведомство аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды .

Арман Кенжеғалиев 1981 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1999 жылы коммерциялық ұйымда заңгер болып бастаған.

2002-2003 жж. «Қазпошта» АҚ «Астана почтамты» АФ құқықтық жұмыс жөніндегі бас маманы болып жұмыс істеді.

2003-2012 жж. ҚР Әділет министрлігінің құрылымында түрлі лауазымдар атқарды.

2012-2017 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы, консультанты.

2017-2018 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары.

2018-2020 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілер департаменті директорының орынбасары, директоры.

2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Әділет министрлігінің заңнама департаментінің директоры қызметін атқарды.


Апта ортасында Қызылорда облысының үш ауданында әкім ауысты. Әуелі Арал ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы келді.

Серік Сермағамбетов 1965 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылық институты экономист, Гумилев атындағы Евразия университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы Балық шаруашылығы министрлігінің материалдық-техникалық жабдықтау орталық базасының аға экономисі болып бастаған.

1991-2018 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратында аға инспектор, Қызылорда қаласы әкімінің қаржы шаруашылық басқармасының бастығы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болды. Одан кейін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы, Жалағаш ауданының әкімі, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.

2018 жылдан бастап осы кезге дейін «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болды.


Ал Қазалы ауданының әкімі болып Оразбаев Мұхтар Әуесұлы тағайындалды.

Мұхтар Оразбаев 1971 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Аралбалық» акционерлік қоғамы автопаркінің механигі ретінде бастаған.

2000-2016 жылдары Арал ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы, ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2016 жылғы қараша айынан бастап Арал ауданының әкімі болды.


Сонымен қатар, Сырдария ауданының әкімі қызметіне ротациялық тәртіппен Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев тағайындалды .

Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында Жамбыл кеңшарының экономисті ретінде бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ облыста банк саласында түрлі басшылық лауазымдар атқырып, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті болған.

2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2017 жылғы қазан айынан бастап Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Аптадағы ауыс-түйісті Президент әкімшілігіндегі тағайындау түйіндеді. Мемлекет басшысының өкімімен Айбек Арқабайұлы Дәдебаев Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымына тағайындалды .


Жоғары қарай