Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2021 жылдың 20 маусым 2021 11:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада орталық та, жергілікті де атқарушы органдарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына маусымның 14-20-сы күндері аралығындағы осы кадрлық өзгерістерге шолу ұсынады.

Сонымен, осы аптада ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Батырбек Сұлтанұлы Әбділдин ҚР ДСМ аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Батырбек Әбділдин 1982 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, Орталық Азия университетін, Сингапур университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстандағы шетелдік коммерциялық ұйымның өкілі ретінде бастаған. 2002-2005 жылдары — ҚР Индустрия және сауда министрлігінің «Құрылыс консалтинг» АҚ маманы; мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы; директорының орынбасары. 2005-2009 жылдары жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 2009-2011 жылдары — «Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК мемлекеттік сатып алу және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы; директорының орынбасары. 2011-2015 жылдары — «Астана қаласы әкімдігінің №1 қалалық ауруханасы» МКК бас дәрігерінің орынбасары. 2015-2020 жылдары жеке секторда еңбек еткен. 2018-2019 жылдары — Қазақстанның медициналық туризм қауымдастығының атқарушы директоры. 2020 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жобалық кеңсесінің басшысы болып қызмет етті.

Ақан Абдуалиев Мəдениет жəне спорт министрлігі Мəдениет комитетінің төрағасы қызметіне келді.

Ол 1975 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын халық әні мамандығы, 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын экономист мамандығы бойынша тəмамдаған. Еңбек жолын Талдықорған қаласында Сүйінбай атындағы Алматы облысы филармониясының жеке орындаушысы ретінде бастаған. 2003-2004 жылдары «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымында əнші-аспапшы, 2005-2007 жылдары Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде, 2007-2008 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы болған. 2008-2015 жылдар аралығында А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ директорының орынбасары, директоры; 2009-2015 жылдары Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «Дәстүрлі орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі; 2015-2016 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры; 2016-2018 жылдары Алматы облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы басшысы; 2018-2019 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары. 2019 жылдан осы уақытқа дейін Мəдениет жəне спорт министрлігіне қарасты Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2 мүшесін қызметке тағайындады. Атап айтқанда Рүстем Нұрпейісов пен Юлия Энгель Есеп комитетінің мүшесі болды.

Рүстем Нұрпейісовтің білімі жоғары, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында халықаралық сертификаттары бар. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Есеп комитеті аппараты Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу бөлімінің басшысы, мемлекеттік аудитор қызметін атқарып келеді.

Юлия Энгельдің де білімі жоғары. 2017 жылдан бастап қазірге дейін Есеп комитеті аппаратының Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Данияр Қырықбаев Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Данияр Қырықбаев 1986 жылы 29 сәуірде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика және бизнес магистрі. Еңбек жолын 2007 жылы банк саласында бастады. 2007-2009 жылдары – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да жұмыс істеді. 2009 жылы – «Kazsatnet» АҚ Басқармасы төрағасының кеңесшісі. 2009-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратында жұмыс істеді. 2013 жылдан бастап сот жүйесінде жұмыс істейді. 2016-2019 жылдары Алматы қаласы бойынша соттар әкімгерінің басшысы болды. Қазіргі тағайындауға дейін ол «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы филиалының директоры болып қызмет етті.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М.Мырзағалиевтің бұйрығымен СҚО бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Азамат Бектасов тағайындалды.

Азамат Бауыржанұлы еңбек жолын Есіл ауданының Покровка ауылында педагог болып бастады. 2014-2020 жылдары СҚО бойынша экология департаментінде бас маман, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы, басшының орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. Осы уақытқа дейін СҚО әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының әкімі болып Медет Оспанов тағайындалды.

Медет Дулатұлы 1985 жылы 20 сәуiрде СҚО Шал ақын ауданы Жаңасу ауылында дүниеге келген. М. Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн «Тарих, экономика және құқық негiздерi» мамандығы бойынша, Қазақстан-Ресей университетiн «Экономика» мамандығы бойынша бiтiрген. Еңбек жолын 2006 жылы Петропавлдағы «Әл-Фараби атындағы №18 қазақ орта мектеп-лицейi» КМУ тарих мұғалiмi болып бастады. 2007 жылы «Солтүстiк Қазақстан облысының iшкi саясат департаментi» ММ бас маманы болды. 2007-2011 жылдар аралығында Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi орынбасарының көмекшiсi болып еңбек етті. 2011-2014 жылдар аралығында Шал ақын ауданы әкiмi аппаратының басшысы болса, 2015-2017 жылдары Тайынша ауданы әкiмi аппаратының басшысы, әкімнің ауыл шаруашылығы және кәсiпкерлiк мәселелер жөнiндегi орынбасары лауазымында еңбек етті. 2017-2020 аралығында Уәлиханов ауданын басқарса, Есіл ауданы әкімі болғанға дейін СҚО әкiмдiгiнiң кәсiпкерлiк және индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы болды.

Ал осы облысқа қарасты Айыртау ауданын Ерболат Бекшенов басқарады.

Ерболат Мұратұлы бұған дейін СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жетекшісі болып еңбек етті. Ерболат Бекшенов 1973 жылы туған, Орталық Азия университетiн экономист мамандығы бойынша бiтiрген. Еңбек жолын «Бекшенов» шаруа-фермерлiк қожалығы басшысының орынбасары болып бастады. «Ет» ЖШС-де маркетинг бөлiмiнiң меңгерушiсi, Тайынша ауданындағы Донецк ауылдық округiнiң әкiмi, Мамлютка қаласы әкiмiнiң орынбасары, Мамлют ауданы әкiмiнiң орынбасары қызметтерiн атқарды. 2014-2018 жылдары Мамлют ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып Жанжігіт Омархан тағайындалды.

Жанжігіт Абзалбекұлы осыған дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Журналистика, құқықтану, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтарын тәмәмдаған және әлеуметтік ғылымдар магистрі. Еңбек жолын 2009 жылы «Астана» телеарнасы бағдарламалар қызметінің репортеры, тілшісі болып бастады. 2010-2011 жылдары «Астана» телеарнасындағы «Қайырлы таң», «Қауіпсіз жол» бағдарламаларының тележүргізушісі. 2011-2015 жылдары Қазақстан ұлттық арнасында «Иман айнасы» бағдарламасының жүргізушісі. 2015-2016 жылдағы «Еуразия бірінші» телеарнасының «Ашығын айтқанда» ток-шоуының жүргізушісі болды. 2016-2018 жылдары «Астана» телеарнасындағы авторлық «Өзекті» тележобасының жүргізушісі, жетекшісі. 2018-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ басшысының орынбасары және басшысы болып қызмет етті. 2019 жылдың сәуірінен қазаны аралығында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның баспасөз қызметінің басшысы. 2019 жылдың қазанынан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы болып еңбек етті.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Тағайындау, Қоғам,
Жоғары қарай