Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2021 жылдың 10 қазан 2021 12:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі оқырман назарына осы апта ішіндегі жаңа тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 4 қазандағы бұйрығымен Елдос Наширали «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды . Бұған дейін Елдос Наширали «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, төраға орынбасарының міндетін атқарушы болған.

Елдос Бигелдіұлы Наширали 1984 жылдың 29 қаңтарында дүниеге келген. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдаған. Жаңа Зеландиядағы Мэсси университетінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша түлегі (2009). Мемлекеттік саясат магистрі. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде бас сарапшы, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіндегі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы болып қызмет етті. 2012-2016 жж. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің баспасөз қызметінде сарапшы, кеңесші, инспектор болып жұмыс істеді. 2016-2018 жж. – Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры; 2019-2021 жж. – «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарушы директоры қызметін атқарды. 2021 жылдың 2 маусымынан бастап «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.

Сондай-ақ, еліміздің 4 өңірінде қылмыстық атқару жүйесі департаменттеріне жаңа басшы келді.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы болып осыған дейін аталған департамент бастығының орынбасары қызметін атқарған әділет полковнигі Дәулет Боранбекұлы Рахымбеков тағайындалды.

Ішкі істер органдарында 1993 жылдан бастап қызмет атқарады. Пенитенциарлық жүйедегі қызметін ІІБ жанындағы ҚАЖКБ ЕС-164/7 мекемесінің жедел бөлімінің жедел уәкілі болып бастады. Әр жылдары ҚАЖ комитеті мен Ақмола облысының аумақтық департаменттерінің бөліністерін басқарды.

Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы лауазымына әділет полковнигі Теңізжан Нұрмаханұлы Жәнібеков тағайындалды.

ҚР Ішкі істер органдарында 1995 жылдан, ОҚО әл-Фараби аудандық ІІБ бөлімшесінде тергеушінің көмекшісі болып бастаған. Пенитенциарлық жүйеде 2002 жылдан бастап қызмет етеді. Соңғы атқарған лауазымы - ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының бірінші орынбасары.

Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы осыған дейін ҚАЖ комитетінің жедел басқармасының бастығы қызметін атқарған әділет полковнигі Игілік Шәріпұлы Хасенов болды.

1998 жылдан бастап республиканың пенитенциарлық жүйесі қатарында қызмет етеді. Нұр-Сұлтан қаласы, СҚО және Ақмола облыстарының қылмыстық-атқару жүйесінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы болып әділет полковнигі Нияз Қанатұлы Рыспаев тағайындалды.

ҚАЖ-да қызметін жасақ бастығынан бастады, түрлі деңгейдегі, соның ішінде басшылық лауазымдарды атқарды. Осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Өңірлер бойынша, Ақмола облысының аудандарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Ақкөл ауданының əкімі болып қызмет атқарған Алпысбай Қуандықұлы Қайыржанов Степногор қаласының әкімі болып тағайындалды.

Алпысбай Қайыржанов 1983 жылы туған, Ақмола облысы Шортанды ауданының тумасы. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітірген. 2006-2009 жылдары жеке меншік секторда істеді. 2009-2010 жылдары - Шортанды ауданы Шортанды кенті әкімінің орынбасары, кейін әкімі. 2010-2014 жылдары Шортанды ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымын атқарды. 2019 жылдың сәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін Ақкөл ауданының әкімі қызметінде болды. Осы тағайындауға дейін Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып істеді. Ал Степногор қаласында әкім болған Еркебұлан Баяхметов Ақкөл ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі болып Бауыржан Мәлғаждаров тағайындалды. Оған дейін Шортанды ауданында әкім болған Ғайдар Қасенов Қосшы қаласының әкім лауазымына ауысты.

Б. Мәлғаждаровтың орнына Ақмола облысы Жақсы ауданының әкімі болып Алмагүл Қадралина тағайындалды.

Алмагүл Аманжолқызы Қадралина 1978 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 1999 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған. 2003 жылы Қарағанды экономикалық университетін юриспруденция мамандығы бойынша бітірген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысының жер қатынастары басқармасында басшысы лауазымында болды.

Батыс Қазақстан облысында Жаңақала ауданының әкімі қызметіне Дархан Закарин тағайындалды.

Дархан Әмірханұлы Закарин 1972 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін агроном және мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры мамандықтары бойынша тәмамдаған. Әр жылдары «Пятимар» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының бас агрономы, Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, «Коммунал» мекемесінің директоры, Жаңақала ауылдық округінің әкімі, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары болды. Күні бүгінге дейін Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды.



Жоғары қарай