Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2022 жылдың 30 қаңтар 2022 12:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп, онда делегаттардың бірауыз шешімімен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия Төрағасы болып сайланды. Жалпы, осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Президент Жарлықтарымен бірнеше тағайындау болса, ҚР Ішкі істер министрі бірден бірнеше өңірдің Полиция департаменті басшыларын ауыстырды.

Сонымен Мемлекет басшысының Жарлығымен Ләззат Молдабекқызы Қалтаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Ләззат Қалтаева Қызылорда қаласында 1965 жылдың 4 ақпанында дүниеге келді. Білімі жоғары, Каспий қоғамдық университетін «заңгер« мамандығы бойынша тәмамдаған.1987 жылдың маусым айынан бастап Фрунзе аудандық мүгедектер қоғамында хатшы-референт, одан кейін басшының орынбасары ретінде қызмет атқарды. 1990 жылдан бастап 1997 жылға дейін «Тұмар» ЖШС-де және «Виктория» ЖШС-де маркетинг инженері қызметінде болды. 1997 жылдан бастап 2000 жылға дейін «ДАЭКО» ЖАҚ-да, «Дәнекер» ЖАҚ-да, «Қазақстанаудит» ЖАҚ-да бағалы қағаздармен мәмілелер жасау жөніндегі маман болды. 2001 жылдан бастап осы уақытқа дейін - «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауыдастығы« ҚБ, «Мүгедектігі бар адамдардың Орталық-Азиялық форумы« ЗТБ төрайымы.

Ал Президенттің келесі Жарлығымен Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметіне кірісті.

Ерлан Әлімбаев 1975 жылы 6 қаңтарда Қызылорда облысында туған. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 2017 жылы Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтын аяқтаған. 1997-2000 жж. - ҚР Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық департаментінің референті, атташесі, үшінші хатшысы; 2000-2004 жж. - ҚР-дың Үндістан Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы; 2004-2006 жж. - ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің кеңесшісі, бөлім бастығы, басқарма бастығы; 2006-2008 жж. - Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі; 2008-2010 жж. - ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаменті директорының орынбасары; 2010-2018 жж. - Қазақстан Республикасының Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, кеңесші-уәкілі; 2018-2019 жж. - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестірушісі; 2019-2021 жж. - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болды.

Ал оның орнына Мемлекет басшысының өкімімен Роман Юрьевич Василенко Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Талғат Амангелдіұлы Жақан Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы лауазымына тағайындалды.

Н.Әбдіров 1961 жылғы 12 қаңтарда туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының күндізгі адъюнктурасын (Мәскеу қ.), Дж.Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерделеу жөніндегі Еуропалық орталықта басшылық құрамның 4 айлық курстарын (Германия) бітірген. Заңгер-құқықтанушы. Заң ғылымдарының докторы, профессор. 1982 жылдың қыркүйегінен 1997 жылдың маусымына дейін ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде оқытушылық қызмет атқарды. 1997 жылғы маусымнан 2000 жылғы мамырға дейін — Қазақстан Республикасының Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хатшысы. 2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы қыркүйекке дейін — ҚР Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Әділет министрлігінің Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары. 2002 жылғы қыркүйектен 2005 жылғы маусымға дейін — Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының мемлекеттік инспекторы, Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығы Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2005 жылғы маусымнан 2009 жылғы қыркүйекке дейін — ҚР Қауіпсіздік кеңесі Хатшысының орынбасары – Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының меңгерушісі. 2009 жылғы қыркүйектен 2020 жылғы тамызға дейін — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші, бесінші, алтыншы сайланымдарының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы. 2020 жылғы тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. 2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары болып сайланды. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, ТМД ПАА-ның «Содружество» орденімен, медальдармен марапатталған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен екі Елшіге өзге дипломатиялық лауазымдарды қоса атқару жүктелді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Болатұлы Сүгірбаев Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Әділұлы Жалғасбаев Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен Заппаров Арыстанғали Расылханұлы Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған

Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы лауазымына Марат Төлебаев тағайындалды.

Марат Сағынтайұлы Төлебаев 1969 жылы туған. Ішкі істер органдарындағы қызметін Қостанай облысында қылмыстық іздестіру жедел уәкілі лауазымынан бастады. Әр жылдары елордада Полиция департаментінің бөлімшелерінде басшылық қызметтерді атқарды. Қостанай облысы және Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2019 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментін басқарды. Полиция генерал-майоры арнайы атағы бар.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бастығы болып Абай Қуатбайұлы Жүсіпов тағайындалды.

Абай Қуатбайұлы Жүсіпов 1978 жылы дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2003 жылдан бастап қызмет атқарады. Орта және жоғары басшы құрамдардың әртүрлі лауазымдарында болды. 2018-2020 жылдары Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 2020 жылғы наурыздан бастап ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментін басқарған.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы лауазымына Серік Жүнісбеков тағайындалды.

Серік Тұрсынәліұлы 1981 жылы Жамбыл облысы Тараз қаласында туған. Құқық қорғау органдарында 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2005 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің магистратурасын бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысы ІІБ 2-ші полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде бастады. Қызмет еткен жылдары әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Оның ішінде Жамбыл облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары, ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Академиясы бастығының орынбасары. Жоғары кәсіби қасиеттері үшін 2019 жылы Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалған. 2021 жылдың наурыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары болып еңбек етіп келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы лауазымына Айдын Қабдұлдинов тағайындалды.

Айдын Тоқтарұлы Қабдұлдинов 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Ішкі істер органдарында 1994 жылдан бастап қызмет атқарады. ҚР ІІМ Алматы заң институтының түлегі. Тергеу және жедел бөліністердегі жұмыс тәжірибесі мол. 2020 жылдың ақпанынан осы күнге дейін Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары болды.

Қостанай облысы Полиция департаментінің басшысы болып Ерлан Омарбеков тағайындалды.

Ерлан Болатұлы Омарбеков 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Құқық қорғау органдарында 1993 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын полиция батальонында милиция қызметкері болып бастаған. Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында түрлі басшылық лауазымдарды атқарған. ҚР Ішкі істер министрлігінің басшылық қызметінде үлкен тәжірибесі бар – Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары болды, соңғы жұмыс орны – ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы.

Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы болып Василий Васильевич Скляр тағайындалды.

Василий Васильевич Скляр 1983 жылы дүниеге келді. 2006 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтын, 2012 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының магистратурасын бітірді, заңгер, құқық магистрі. Түрлі лауазымдарда, соның ішінде Павлодар қаласының учаскелік полиция инспекторы; қылмыстарды ашу жөніндегі жедел уәкіл; аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл; Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2017 жылғы сәуірде Павлодар облысы Ақсу қаласының ІІБ бастығы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Павлодар облысы ПД Екібастұз қаласының Полиция басқармасын басқарды. Арнайы атағы - полиция полковнигі.

ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен Жанар Шайқықызы Жарылғасова Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Жанар Жарылғасова 1973 жылы Жамбыл қаласында дүниеге келген. Ш. Есенов атындағы Ақтау политехникалық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Ұлттық басқару мектебін (Франция) бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың «Отын және көмірсутекті металдардың химиялық технологиясы» кафедрасының жетекші инженері қызметінен бастады. 2000-2008 жылдары Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің құрылымында жұмыс істеді. 2008-2010 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік және энергетикалық қадағалау комитетінің лицензиялау, лицензиялық бақылау және заңдық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы. 2010-2014 жылдары — ҚР Мұнай және газ министрлігінің басқармаларында түрлі лауазымдарды атқарды. 2014-2020 жылдары — ҚР Энергетика министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2020 жылғы қаңтар айынан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды.


Жоғары қарай