Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаға жетті

2020 жылдың 22 қыркүйек 2020 09:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түскенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі қадам – егіннің сандық және сапалық сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы алғанда, елдегі қолда бар сақтау қуаттылығы, өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды есепке алғанда, болжамды өнім түсімін сақтау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде. Сонымен қатар, әкімдіктер элеваторлардың 2020 жылғы түсімді уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізуі, астықтың үздіксіз орын ауыстыруын тұрақты бақылауда ұстауы қажет», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті. Бұл 2019 жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп.

Мәселен, биылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша элеваторларға:

2,4 млн тонна бидай түсті, бұл 2019 жылға қарағанда (848,6 мың тонна) 2,8 есе көп;

504,6 мың тонна арпа түсті, бұл 2019 жылғы деңгейден 2 пайызға артық;

114,5 мың тонна басқа дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш) түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық.

«Аталған деректер егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды», - деді С. Омаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл гектарына 12,3 центнер орташа түсімділікпен 18,2 млн тонна астық бастырылды.



Жоғары қарай