Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қандай деңгейде

2021 жылдың 10 маусым 2021 11:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров фермерлердің техникасы ескіргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы республика бойынша көктемгі дала жұмыстары кешенін жүргізу үшін 142 мың трактор, 4,3 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 73 мың тұқымсепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар, қолда бар 142 мың трактордың 75%-ының амортизациялық пайдалану мерзімі 15 жылдан асқан, осы өндірістік циклге шамамен 35 мың трактор (25%) толыққанды қатысты деп айтуға болады, бұл трактор паркінің тозуы жоғары деңгейде екенін көрсетеді»,- деді С. Омаров.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуына жүргізілген талдау өңірлердің жаңартудың ең төменгі технологиялық деңгейі – 6%-ға қол жеткізе алмай отырғанын көрсетеді. Жоғары жаңарту деңгейі Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарында, төмен жаңарту деңгейі Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында байқалды.

«2020 жылы жаңартудың орташа деңгейі 4,1%-ды құрады. Жаңарту қарқынын жеделдету үшін облыстар әкімдіктері республикалық бюджеттен басқа, жергілікті бюджеттен де қаражат тартып, ауыл шаруашылығы техникасының басым түрлерін, оның ішінде кооперативтік бірлестіктер үшін сатып алуды субсидиялау нормативтерін қосымша ұлғайтуы қажет. Мұндай нормативтік құқық инвестициялық субсидиялау қағидаларында көзделген. Биыл фермерлердің отандық техникаға деген сұранысы артқаны байқалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, мамыр айындағы жай-күй бойынша отандық кәсіпорындар 1,6 мыңнан астам трактор жасап шығарды, бұл 2020 жылдың деңгейінен 3,2 есе көп», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық субсидияларды бастапқы жарна ретінде пайдалану, сондай-ақ отандық техникаға кредит берудің жеңілдікті бағдарламалары сатып алу қабілетіне оң ықпал етуде. Бұл ретте, тракторлардың кейбір моделдері бойынша сұраныс өндірістен де жоғары. Отанымызда құрастырылатын «Кировец», «Версатайл», «Беларусь», «Ловол» тракторлары фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие, олар алыс шет елдердің осындай сыныптағы техникасымен салыстырғанда едәуір арзан.

«Сонымен қатар, астық жинау науқанына «Акрос» және «Ессил» секілді комбайндардың танымал моделдері өндірісінің ұлғаюын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында «КЛААС» комбайндары өндірісінің басталуын күтудеміз. Сатып алу серпінін жеделдетуге биылғы мамыр айының басында министрлік бекіткен инвестициялық субсидия нормативін арттыру ықпал ететін болады», - деді ол.

2021 жылдың 5 айында республика бойынша 140,8 млрд теңгеге 8,7 мың ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.


Жоғары қарай