Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда бес айда жануарларға 71,1 млн вакцина салынды

2020 жылдың 19 маусым 2020 12:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі елде эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Ол үшін заңнамалық тұрғыда «орталық-облыс-аудан» қағидаты бойынша вертикалды ветеринарлық бақылау қалпына келтірілді. Бұл, бақылауға алынған өнімнің тасымалдануына бақылауды күшейту және өнімнің «танаптан үстелге дейін» қадағалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстан-Ресей учаскесінде 28 ветеринарлық бақылау пункті және Қазақстан-Қырғыз учаскесінде 4 ветеринарлық бақылау пункті енгізілді. Бұл шара Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуынан, ветеринарлық-санитарлық тұрғыдан қауіпті мал шаруашылығы өнімдерінің әкелінуінен қорғауға мүмкіндік береді», - деді министр.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде биылғы бес айда бірлі-екілі жіті және созылмалы инфекцияларды қоспағанда, Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты.

«Мәселен, 2020 жылғы қаңтардан мамырға дейін жануарлар ауруларының жіті және созылмалы инфекцияларының 80 ошағы ғана тіркелді. Ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде орындалуда. Ағымдағы уақытта жоспарланған 31,7 млн диагностикалық зерттеудің 90,2 пайызы орындалды. Жануарлар мен құстардың аса қауіпті 19 ауруына қарсы жануарларды вакциналау бойынша жоспарланған 150 млн манипуляцияның 71,1 млн жүргізілді немесе осы жылдың бес айындағы жоспардың 96,8 пайызы орындалды. Жұмыс жалғасуда», - деді Сапархан Омаров.


Жоғары қарай