Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны артты

2021 жылдың 15 қараша 2021 20:13

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда Қазақстанда диабеттен зардап шегушілердің саны 1,5 есе артқан. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың мәліметінше, Қазақстанда диабеттен зардап шегетіндердің саны 2015- 2016 жылдары 208 мың шамасында болса, бүгінгі таңда 380 мыңға жетіп отыр.

«Қазақстанда 2-типтегі қан диабетіне шалдыққандар саны көбейіп барады. Мамандар мәліметінше, ересектердің оннан бір бөлігі осы дерттен зардап шегіп отыр. Диагноз дер кезінде қойылған жағдайда бұл дертті ауыздықтауға болады. Өкінішке орай, көбінің ауруы тым кеш анықталып жатады», - деді филиал басшысы.

Қазақстан диабетті зерттеу қоғамдық қорының дерегінше, Алматы қаласында 2-типтегі қант диабеті өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр.

COVID-19 пандемиясынан кейін осы ауруға шалдыққан пациенттер арасында өлім-жітім артқан.

Назарбаев Университетінің маманы Александр Гуляевтың зерттеуіне сүйенсек, диабет – көп шығынды талап ететін нозология. 2019-2045 жылдары әлемде диабетті емдеуге кететін шығын 845 млрд долларға дейін жетеді.

Әлем елдері ішінде АҚШ диабетті емдеуге 295 млрд доллар, Қытай 109 млрд доллар жұмсайды. Қазақстанның жылдық шығыны шамамен 20,5 млрд теңгеден асады.

Мамандардың пікірінше, диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып қан мен несеп құрамындағы қант деңгейі, несептегі ацетон мөлшері, салмағы мен қан қысымына қатысты деректерді жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, қажет болса емдеу схемасын өзгертуге, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.

«Диабеттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Филиал басшысының айтуынша, Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.


Жоғары қарай