Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда инвестициялық салық кредитін енгізу ұсынылды

2020 жылдың 24 маусым 2020 10:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов инвестициялық салық кредитін енгізу ұсынысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы талқыланып жатыр.

«Инвестициялық салық кредитін енгізу ұсынылады. Кредит корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша 3 жылға беріледі. Ол пайызсыз болады, бірақ шарттар орындалмаған жағдайда өсімпұл есептеледі», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, мақтаны қайта өңдеуге, ашытқы, кондитерлік өнімдер, қант қызылшасынан қантты өндіруге есептелген қосылған құн салығын азайту бойынша норманы қолдану ұсынылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, өндіріс көлемін ұлғайтуды ынталандыратын болады.

«Экспорт кезінде қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату мақсатында отандық өндірушілер үшін қосылған құн салығын жеңілдетілген түрде қайтару құқығын беру ұсынылады: яғни тексерусіз – 50%, қалған 50% - тексеруден кейін», - деді Р. Дәленов.

Бұдан бөлек, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіру үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдікті қолдану ұсынылады. Бұл отандық автокөліктердегі қазақстандық қамту үлесін арттырады.


Жоғары қарай