Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Қазақстанда қашықтан оқытуды ресми заңдастыру ұсынылды

2020 жылдың 27 мамыр 2020 13:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қашықтан оқытуды ресми түрде танылған білім беру формасының қатарына қосу ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ұсынысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы айтты.

«Білім берудің сапасын арттырып, әрі оны бар аймақта қолжетімді ету үшін қашықтан және онлайн оқыту технологияларын жүйелі түрде және кеңінен енгізу сұранып тұр. Соңғы 10 жылда әлем бойынша қарқынды дамыған бұл технологиялар өз тиімділігін дәлелдеді. Әсіресе, жаһандық карантин салдарынан жаппай қашықтан оқытуға көшу бұл әдістердің зор мүмкіндіктерін көрсетті. Әрине, мектеп және колледждерді, ЖОО-ны толық онлайнға өткізу міндеті тұрған жоқ. Бұл мүмкін де емес», - деп атап өтті спикер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы 3-отырысында.

Дегенмен, әр оқушының жеке қабілеті мен мүмкіндіктерін ескере алатын, сол арқылы оқытудың тиімділігін арттыратын технологияларды білім беруге қазірдің өзінде енгізуге болады.

«Ол үшін алдымен қашықтан оқытуды Қазақстанда ресми түрде танылған білім беру формасы қатарына қосып, оны Білім туралы заңға кіргізу қажет деп ойлаймыз. Қашықтан оқыту технологиясын қолданатын оқу орындарына қойылатын әдістемелік және технологиялық талаптарды айқындап, оларға бөлек лицензия берген абзал. Бұл мәселе шұғыл шешілмесе, өз елінде отырып, шетелдік оқу платформаларын таңдайтын қазақстандық қашықтан оқушылар көбейеді. Қазірдің өзінде біздің есебімізше 30 мыңнан астам қазақстандық оқушылар иен студенттер қазақстандық бағдарлама, стандарт пен талапты мүлдем ескермейтін шетелдік онлайн мектеп пен университеттерде оқып жатыр. Бұл мәселеге қатысты ұсыныстар мен заңға енуі қажет толықтырулар мен өзгерістер жобасын министрлікке тапсырдық», - деді Р. Кенжеханұлы.

Бұған дейін Рауан Кенжеханұлы Қазақстан мектептерін бір ауысымда оқу режиміне көшіру жолдарын айтты және Қазақстанда ұлттық мектеп үлгісін жасауды ұсынды.




Жоғары қарай