Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда кәсіби спорт клубтарына бөлінетін қаражат балалар спортына бағытталмақ

2020 жылдың 19 қазан 2020 13:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіби спорт клубтарын ұстауға жіберілетін қаражат алдағы уақытта халықты, ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға бағытталмақ. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, іс шараларды іске асыруда. Атап айтқанда ол шаралар бойынша кәсіби спорт клубтарын ұстауға жіберілетін қаражатты халықты, ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарлау көзделуде. Сондай-ақ барлық облыста, республикалық маңызы бар қалада және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру жоспарланған.

«Жолдауда Мемлекет басшысы тарапынан қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығы сын ретінде айтылды. Бүгінгі күні республика бойынша 36 мыңнан астам адам жаттығатын 97 бірлік кәсіби спорт клубы бар. Отандық кәсіби спорт клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейді. Олардың кейбіріне ұлттық компаниялар немесе жеке меншік иелері қолдау көрсетеді», - деді ол.


Жоғары қарай