Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Қазақстанда көмір бағасы қанша

2019 жылдың 31 қазан 2019 17:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов еліміздегі көмір бағасына қатысты деректерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні түрлі кен орындарынан өндірілген әртүрлі көмір маркасы өндіру және сату нүктесіне дейінгі арақашықтыққа байланысты 7 мыңнан 19 мың теңгеге дейін ауытқып тұрады. Мәселен, біз Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мониторинг жасадық. Қазіргі уақытта қаланың әртүрлі бөлігінде 11 нүктеде көмір сатумен айналысатын 8 компания айқындалған. Орташа баға жеткізуді есепке алмағанда 12 мың теңге. 24-30 қазан аралығында елордаға 141 вагон, 9,7 мың тонна көмір жеткізілді. Оның ішінде Майкөбеден 72 , Шұбаркөлден 34, Қаражырадан 35 вагон көмір келді. Шұбаркөл көмірінің тоннасы 12,5 мың, Қаражыранікі 12,7 мың, Майкөбенікі 13 мың, Богатырь-Көмірдікі 9,5 мың теңгеден», - деді ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысы тұрғындар тарапынан көмірді жеткізушілерге қатысты шағымның көбейіп кетуіне байланысты тексеру жүргізілгендігін айтты.

«Біз машиналарға қатысты мән-жайды анықтадық. Көмір тасымалдаушылардың үш түрі бар. Біріншісі, көмір разрездеріне өздері барып, тиеп алып халыққа жеткізетіндер. Екіншісі, темір жол тұйықтарынан көмірді Нұр-Сұлтанның шегінде 100 шақырымға дейін жеткізіп беретіндер. Үшінші жеткізушілер көмірді сатып алып жол бойында тұратындар. Олар қымбаттырақ бағаға сатып алатын адамдарды күтіп тұрады. Тасымалдаушылардың дәл осы үшінші түрін таксишілер деуге болады. Олар көмірді сатып алып үстеме бағаға қайта сатады. Бірақ, мұндай адамдар өте аз және көмір бағасына әсер ете алмайды», - деді Қ.Байытов.

Жоғары қарай