Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ

2020 жылдың 19 мамыр 2020 09:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылады. Қор арқылы 3 пайыздан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеуші кәсіпорындарға несие беру жоспарлануда», - деді ол.

Сонымен қатар министр Үкімет отандық өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша бірқатар шараларды қолдағанын айтты.

«Бұл - мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады», - деді Руслан Дәленов.

Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар беру тетігі жетілдіріледі.

«Одан басқа, жоғары экспорттық өнім өндірушілердің тасымалдау шығындарын 80 пайызға дейін өтеуді ұлғайту жоспарланып отыр. Қосылған құн салығын жедел қайтару айналым қаражатын ұлғайтуға ықпал етеді», - деді министр.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырған болатын.

Жоғары қарай