Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда сот орындаушылар алименттерді бірінші кезекте өндіріп алатын болады

2020 жылдың 10 шілде 2020 09:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұрын кейбір жеке сот орындаушылар мәжбүрлеп орындату мерзімін созатын жағдайлар болатын. Енді олар алимент мәселесімен бірінші кезекте айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы жылдың 27 маусымында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заңда атқарушылық іс жүргізудің сапасын жақсарту жолымен азаматтардың құқықтарын қорғау мен уақытылы іске асыруды, атап айтқанда әлеуметтік маңызы бар істер санаттары бойынша қамтамасыз етуге, аса назар аударылады.

«Қабылданған түзетулермен жеке сот орындаушыларының алименттерді, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды өндіріп алу туралы, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық құжаттарды орындаудың басымдығы бекітілді», - деп хабарлайды министрліктен.

Бұрын кейбір жеке сот орындаушылар, оларды аса қызықтырмағандықтан мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мерзімін созатын жағдайлар болатын. Ендігіде, сот орындаушысы бір ай ішінде мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаса лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Бұдан басқа мемлекеттік еңбек инспекторының жалақыны төлеу туралы ұйғарымына атқарушылық құжат мәртебесі беріледі.

Бұл шара құқықтарын жұмыс беруші бұзған азаматтарға жалақыны өндіріп алу мәселелерін тез шешуге, сотқа жұмсалатын уақыты мен сот шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Заң 2020 жылғы 8 шілдеде, алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енді.


Жоғары қарай