Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда сусымалы жүк тасымалдайтын контейнерлер құрастырылуы мүмкін

2021 жылдың 6 тамыз 2021 12:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сусымалы жүк тасымалына Қазақстан өндірген контейнерлерді пайдалану туралы талап қойып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Оралхан Құлақов онлайн брифингіде айтты.

«Қазір экспорттаушылар үшін ең өзекті мәселе Қытай нарығы болып тұр. Біз үшін екінші қиылыстың ашылғаны жақсы болды. Сусымалы жүктің бір бөлігі қазір «Алтынкөл» арқылы өтіп жатыр. Біздің экспортымыздың, Ресейдің транзит арқылы өтетін экспортының кептелісін осы станса көмегімен сейілту қолға алынды. Бұл стансада Қытай біздің экспортты қабылдау қарқынын екі есе арттырды. Бұған дейін бүкіл тасымалдың тек 1 пайызы ғана контейнерге тиеліп келген болса, енді оның үлесін мейлінше арттыру керек. Оны бүгіннен бастау керек. Өйткені бізде Қытай бағытына кететін жүктің 80 пайызы - сусымалы жүк. Дәл осы сусымалы жүкті мультимодельді тасымалға көшіруіміз керек. Сол арқылы біз жүкті толық көлемде өткізе аламыз», - деді ҚТЖ өкілі.

Оның айтуына қарағанда, қазір екіжақты келіссөз арқылы қабылданып жатқан шаралардың бәрі шекарадағы кептелісті уақытша сейілткенімен, проблеманы түбегейлі шеше алмауы мүмкін.

«Бүгінде әмбебап деп жүрген жартылай ашық вагондар қаңтарылып тұр. 1 мамырдағы жағдай бойынша Қытай бағытында 12 480 вагон тұрған болса, маусым мен шілде айларында 10 күндік жаппай жүк түсіру конвенциясын ұйымдастырған болатынбыз. Соның көмегімен қоймалар мен вагонда тұрған жүк көлемін азайттық. Бірақ тапсырыс мерзімі бұзылғанын айтып шағымданушылар өте көп. Демек бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Сондықтан контейнермен жүк тасымалдауға бәрібір көшуіміз керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ол контейнерлер Қазақстанда жасалуы керек деген талап қойып отыр. Контейнердегі тасымалға қаншалықты тез көше алсақ, проблема да соншалықты жылдам шешіледі», - деді Оралхан Құлақов.


Жоғары қарай