Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын құру ұсынылды

2020 жылдың 5 қыркүйек 2020 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде инновациялар мен ғылымды дамыту үшін инновациялық экожүйе стейкхолдерлерінің күш-жігерін біріктіру ұсынылды. «Елбасы академиясы» корпоративтік қорында өткен онлайн-пікірталас кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Азамат Батырқожа осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн-кездесудің тақырыбы – «Қазақстандағы ғылымды дамытудың жаңа моделі». Кездесу «Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау» бағдарламасына қатысушылардың ұсыныстарын нақтылау мақсатында ұйымдастырылған еді. Оған Президенттің көмекшісі-ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының директоры Фархад Қуанғанов, өзге де министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Азамат Батырқожаның айтуынша, инновация мен ғылымды тиімді дамыту үшін үздік отандық сарапшыларды салалық технологиялық құзыреттілік орталықтарында топтастыру қажет.

«Біз елдегі инновациялық ортаға талдау жүргіздік. Инновациялық әрі технологиялық дамуға қажетті заңнамалық және бағдарламалық құжаттар қабылданды, тиісті өкілеттік берілген даму институттары құрылды. Алайда, бұл жеткіліксіз деп ойлаймыз. Технологиялық трендтерге баға беруге құзыретті және салаларда технологиялық стратегияларды қалыптастыруға қабілетті үздік отандық сарапшыларды біріктіретін технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары қажет. Ал технологиялық платформалар барлық стейкхолдерлердің – мемлекет, бизнес, ғылым, білім және қоғам өкілдерінің мүдделерін үйлестіруге және күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді»,-деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.

Сарапшылардың пайымынша, ғылымды, технологияларды, инновацияларды және технологиялық саясатты қолдауға жауапты мемлекеттік органдар мен даму институттары арасындағы үйлестіру жұмыстары нашар. Сондықтан стратегиялық деңгейде мемлекеттік технологиялық және инновациялық саясатты әзірлеуді әрі іске асыруды қамтамасыз ететін бірыңғай орган қажет.

Жоғары қарай