Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда темір жолдан белгіленбеген жерден өткені үшін 23 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды

2021 жылдың 24 қараша 2021 15:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда темір жолдан белгіленбеген жерден өткені үшін 23 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, биылғы он айда темір жолда жарақат алудың 98 дерегі тіркеліп, 66 адам қаза тапты. Соның алтауы – балалар.

Көліктегі полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Қайрат Ақмұрзаевтың айтуынша, пойыздардың адамды қағып кетуі, әсіресе, Алматы (14 дерек), Орал (13), Шымкент (11) және Қарағанды-Сортировочная стансаларында жиі тіркеліп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, жазатайы оқиғалардың басты себебі – темір жолдан белгіленбеген жерден өту, қауіпсіздік ережесін сақтамау.

«Адамдар темір жолдан белгіленбеген жерден өткен кезде өзінің өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, пойыз қозғалысына да кедергі келтіреді. Машинистер пойызды шұғыл тоқтатып, соның салдарынан вагондар рельстен шығып кетуі, басқа да оқыс оқиғаларға соқтыруы ықтимал», деді Қ.Ақмұрзаев.

Жыл басынан бері 23 мыңнан астам адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті шаралардың қолданылғанына қарамастан, пойызды шұғыл тоқтату дерегі азаймай отыр. Осы мерзімде 2271 рет пойыз шұғыл тоқтатылған. Оған кінәлі адамдар (500), сондай-ақ үй жануарлары (1708).

«Әсіресе, балалардың жазатайым оқиғаға душар болуы ерекше алаңдатып отыр. Қыс кезінде балалар темір жол маңын ойын алаңына жиі айналдырады. Сондықтан ата-аналар балаларын назардан тыс қалдырмағаны жөн», деп түйіндеді сөзін полиция подполковнигі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда пойыз қағып кеткен әйелдің ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Қоғам, Көлік, ҚТЖ,
Жоғары қарай