Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Қазақстанда тірі малды экспорттауға тыйым салынды

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 10:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда тірі малдың экспортына тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Өткен жылы Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылды. Бұл ретте, басым көпшілігі – 121,6 мың бас немесе 78% Өзбекстан Республикасына, тағы 14% Армения еліне экспортталған.
Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы аналық мал. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстан мемлекетіне, 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзербайжанға және шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.
«Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болды. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне алып келді. Орташа алғанда, 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы болды.

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ҚР АШМ-да қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр. Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелер туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Айта кетсек, аталмыш бұйрық тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейтін. Бұл өзгерістер барлық ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірідей басын өзге елдерге шығаруға (экспорттауға) толық тыйым салады», - делінген АҚШ мәліметінде.

Атап өтілгендей, құжаттың жобасы салалық сараптама ұйымдарымен және облыс әкімдіктерімен келісілген және «Атамекен» ҰКП оң қорытындысы алынған. Сондай-ақ Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мақұлдауына ие болды. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісім жасалуда.
«Аталған бұйрыққа өзгерістер енгізу таяу жылдары Қазақстанда мал басын сақтап, ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді», - деді министрліктен.


Жоғары қарай