Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда ветеринариялық паспорт электрондық форматқа ауыстырылады

2020 жылдың 24 қараша 2020 12:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаты Роман Кимнің айтуынша, заң жобасымен 2 заңнамалық актіге: «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске және «Ветеринария туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Заң жобасының негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын одан әрі жетілдіру.

Атап айтқанда, заң жобасымен ветеринариялық паспортты электрондық форматта беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мүмкіндігі іске асырылып отыр. Көрсетілетін қызметті автоматтандыру, бұрын қағаз форматта дайындауға жіберілетін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, адами фактордың әсерін жояды, осы құжатты беруді жеңілдетеді және алуды тездетеді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаудың алғышарттарын барынша азайту мақсатында заң жобасында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүргізу кезінде фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға, сондай-ақ техникалық құралдарды пайдалануға құқық беру ұсынылуда.


Жоғары қарай