Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 405.77
EUR 457.91
RUB 5.77
CNY 57.42

Қазақстанда жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы өседі

2020 жылдың 20 ақпан 2020 10:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асхат Аймағамбетов БҒМ-де өткен аппараттық кеңесте жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысының төмендігін айтты. Және білім гранттары құнының артуы нәтижесінде профессорлық-оқытушылық құрамының еңбекақысының артатыны туралы мәлімдеді.

«ЖОО оқытушыларының жалақысы төмен. Сондықтан, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік гранттардың құны осы жылдың қыркүйегінен бастап ұлғайтылатын болады. Бұл қандай нәтиже береді? Ол оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік беретін болады», - деді Министр.

Асхат Аймағамбетов университет басшыларына әртүрлі форумдар мен тиімсіз іс-шараларға жұмсалатын шығындарды азайтуды тапсырды. Сондай-ақ, жалақы мәселесі бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін айтты.

Министр ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорына университет басшыларының штаты мен оқытушылардың жалақы мәселесін қайта қарауды тапсырды.

Жоғары оқу орындарының басшылары да тиісті тапсырмаларды алды.

«Мемлекеттік университеттер тиімсіз шығындарды қайта қарауы тиіс. Әртүрлі тиімсіз форумдарды, шараларды қысқарту керек. Президент қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берген болатын. Ол тек министрліктің аппаратына қатысты емес, квазимемлекеттік мекемелерге де қатысты мәселе», - деді Асхат Қанатұлы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР БҒМ жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын арттыру туралы тапсырмасы аясында оқу жылының басынан бастап білім және ғылым министрлігіне қарасты 25 ЖОО-да жалақы 20-дан 50%-ға дейін арттырылды.


Жоғары қарай