Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Қазақстанда жыл сайын мыңға жуық ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылады

2020 жылдың 1 маусым 2020 12:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстанда балаларына дұрыс қарамаған мыңға жуық адам ата-аналық құқығынан айырылады.

Бұл туралы ҚР ІІМ Ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ата-ана құқығынан айыру ұзақ процесс екенін тоқталған ол, «Оның басты себебіне тоқталсақ, баланың ата-анасы ішімдікке салынып, бала тәрбиесімен айналыспайды. Ата-ана құқығынан айыру туралы мәселені көтермес бұрын бұл отбасылар тиісті мерзімде полиция органдарында есепте тұрады. Осы орайда профилактикалық шаралар жүргізіледі», - деді.

Ең алдымен, өз міндетін дұрыс атқармай жүрген ата-аналар есепке қойылады. Сол отбасымен профилактикалық жұмыс істеп, тұрғылықты үй-жайы тексеріледі. Тиісті жұмыстардан соң олармен жеке әңгіме жүргізіліп, ата-аналарға нұсқаулық беріледі.

«Өкінішке қарай, жыл сайын осы себептердің салдарынан елімізде мыңға жуық отбасы ата-құқығынан айырылады», - деп нақтылады Ә. Оспанов.

Өз кезегінде ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дулат Жекебаев ата-аналарды жұмыспен қамту, ем-дом қабылдауға жіберу мүмкіндіктері ескерілетінін атап өтті.

«Алайда баланың қауіпсіздігіне қатер туса, сот арқылы ата-аналық құқығынан айыру мәжбүрлі қадамына барамыз. Кейіннен бұл ата-аналар жағдайды түзету мүмкіндігіне ие. Емделіп, жұмысқа тұрса әрі тұрғылықты баспанасын жақсартса, онда мемлекет комиссиялық тәртіпте ата-ана құқығын қайтаруды қарастыруға дайын екенін атап өткен жөн», - деді Д. Жекебаев.


Жоғары қарай