Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандағы ең үздік студенттік театрлар анықталды

2022 жылдың 28 сәуір 2022 23:47

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында студенттер театрларының республикалық фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық фестивальде түрлі қалалардан келген 6 театр ұжымы өнер көрсетті. Олардың қатарында С.Аманжолов атындағы ШҚУ, «Тұран» университеті, Шәкәрім атындағы университет, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Семей медицина университеті бар. Дарынды жастар қойған спектакльдердің жанрлары мен тақырыптары әртүрлі.

«Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінен келдік. Өскемен халқы бізді өте жақсы қарсы алды. «Қоштасқым келмейді» атты қойылымымыз көрерменге ұнады деген үміттемін», - дейді «Жас түлек» студенттік театрының актері Назира Ынтымақ.




Театр ұжымдары қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көрсете отырып, маңызды тақырыптар арқылы жұртшылыққа ой салуға ұмтылды. Қазылар алқасы студенттік театрларды олардың ойыны мен театр заңдылықтарын, өнер ерекшелігін сақтау тұрғысынан бағалады.

Фестиваль қорытындысы бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Қоштасқым келмейді» спектаклімен «Жас түлек» студенттік театры жеңімпаз атанды. Студенттерге 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.





Екінші орынды «Қарагөз» қойылымымен «Тұран» университеті иеленсе, үшінші орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры қанжығасына байлады.

Фестивальде ерекше көзге түскен үздік әртістер де марапатталды. «Үздік әйел рөлі» номинациясында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың бірінші курс студенті Жаныл Тұрсынбай «Табамын сені» қойылымындағы Зада рөлін сәтті орындағаны үшін жеңіп алды. Барлық номинанттар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.


Жоғары қарай