Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы қос Ақтаудың басшылары кездесті

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 17:59

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Елімізде аттас екі Ақтау бар. Бірі - Каспий жағалауында орналасса, екіншісі - Сарыарқаның төсінде жайғасқан. Батыстағы Ақтау - Маңғыстау облысының орталығы, екінші Ақтау - Қарағанды облысындағы шағын кент, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудың 57 жылдығына орай, шаһар басшысы Нұрдәулет Игілікұлының шақыртуымен Қарағанды облысынан Ақтау кентінің әкімі Алтынбек Есмұрзаев бастаған арнайы делегация келді. Қос Ақтаудың басшылары мен делегация өкілдері қала күніне орай облыс орталығында ашылған «Геологтар аллеясының» тұсаукеріне қатысты. Сондай-ақ, шарада ардагер геолог-барлаушылар, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов болды.

Жоба авторы құрметті геолог, ардагер Бисенбай Бисенғалиев. Он екінші шағын ауданда орналасқан аллеяны салуға өңірдегі мұнай компаниялары қаржылай демеушілік жасаған. Құрылыс жұмыстарына 15 миллион теңге жұмсалды.





«Архитектуралық нысанда бұрғылау, мұнай алу қондырғысы, геологтардың атрибуты: балға мен табылған тас композициясы бейнеленді. Маңғыстауда ашылған кен-орындарының тізімі мен атақты геолог-барлаушылардың есімдері жазылды. Геологтар мен мұнайшылар еңбегінің тек Маңғыстау облысында ғана емес, тұтастай республикамыздың экономикалық саласындағы ерекше рөлі мен маңыздылығын атап айтуға тиістіміз. Бүгін осы ардақты мамандық иелерінің құрметіне ашылған аллея алдағы уақытта қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп ойлаймын», - деді Маңғыстау өңірлік геология инспекциясының басшысы Алмагүл Келбет.





Сондай-ақ, қала күні қарсаңында «Құрылысшылар аллеясының» ірге тасын қалау рәсімі өтті. Ақтауды көркейту, абаттандыру мақсатында алдағы уақытта он екінші шағын ауданда жаңа аллеяны ашу жоспарланған.

Делегация мүшелері Маңғыстаудағы Әбіш Кекілбаев атындағы музейге барды.

Қала қонақтары маңғаз Маңғыстаудың кереметтерін тамашалап, абыз жазушы атындағы орталыққа Сарыарқа кітапханасының жинағы «Сарыарқаның ақындарының өлеңдері» атты 100 томдық пен «Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» кітабын сыйға тартты.

«Бүгін ерекше күн. Қала әкімі Нұрдәулет Игілікұлының шақыртуымен Маңғыстаудың орталығына келдік. Делегация құрамында металлург, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқып, Теміртаудағы комбинатта жұмыс істеген замандастары Куаныш Омашев пен Тоқтархан Исқақов бар. Бұл игі бастама көпшілікке үлгі болады деген сенімдемін. Өйткені, елімізде қалалар байланысының дамуы бірнеше саланың тамырына қан жүгіртеді. Бір жағынан жастарға үлгі болады деген сенімдемін. Қарағанды облысындағы Ақтау кентінде кезінде 40 мыңға жуық халық тұрды. Қазір тұрғындар саны 7 мыңға жуықтайды», - деді Ақтау кентінің әкімі Алтынбек Есмұрзаев.





Шара аясында қос Ақтаудың басшылары өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандумға қол қойды.

«Бүгін екі өңірдің арасында сауда және экономикалық қатынастарды жандандыру, білім, мәдениет, денсаулық саласында ортақ жобаларды іске асыру мақсатында меморандумға қол қойдық. Алдағы уақытта тығыз әріптестік қарым-қатынаста боламыз деген үміттемін», - деп атап өтті қол қою рәсімінде Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.


Жоғары қарай