Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандағы мырыш өндіруші компания директоры: Жас мемлекетпен қатар дамыдық

2021 жылдың 10 желтоқсан 2021 20:06

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Биыл еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толса, «Казцинк» ЖШС-ның өз жұмысын бастағанына 25 жыл болып отыр. Мемлекеттің даму жолы мен мырыш өндіруші ірі компания ісінің ілгерілеуі қатар жүрді десек артық айтқандық емес. Бүгінде серіктестік өңірлерді дамытуға жыл сайын 12 млрд теңге жұмсайды. Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген компанияның бас директоры Александр Хмелев айтып берді.

- Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде «Казцинк» ЖШС қандай жетістіктерге жетті?

- Компания құрылған жылдары заман мүлде басқа еді. Қазақстанның тәуелсіздік алғаны жуықта ғана. Мемлекеттің мұрындық болуымен өз жұмысымызды бастадық. Осылайша, біз жас республикамен қатар дамыдық десек те болады. Зауыттардың жүйелі жұмысын ұйымдастыру, ұжым қалыптастыру қажет еді. Сөйтіп, іске кірістік. 2000 жылы жағдайымыз реттеліп, жұмысымыз тұрақтана бастады.

Ары қарай дами түсудің жолдарын ойластырдық. Сол жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласынан 18 шақырымдай жерде Малеев кенішін салдық. Компанияның аса ірі жерасты кенішіне 2017 жылы Pitram инновациялық жүйесі іске қосылды. Ол цифрлы технологиялардың көмегімен бұрынғыдан да қауіпсіз жұмыс жағдайлары мен жоғары еңбек өнімділігі деңгейін қамтамасыз ете отыра, кенішті онлайн режімде басқаруға мүмкіндік береді.

2010 жылы Васильков кенішінің құрылысы аяқталды. Жаңа металлургиялық жобалар жүзеге асырылды, зауыттар салынды. Жыл сайын дәл осы бағыттарда жұмысты күшейтуге тырыстық.

- Мемлекет тарапынан компанияға қандай көмек көрсетілді?

- Компаниямыз кез келген ірі жобаны қолға алған кезде мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетілді. Құрылыс нысандарына қатысты және басқа да туындаған түрлі мәселелерді реттеуге жергілікті әкімдіктер көп көмектесті. Еліміздің қаржылай институттары да демеу білдірді. Себебі ЖШС мақсаты мемлекет мүдделерімен тұспа-тұс келген.




- Ал өз тараптарыңыздан Қазақстанның дамуына қандай үлес қостыңыздар?

- Біздің өндіріс орындары орналасқан барлық қалалардың дамуына қаржылай қолдау білдіріп келеміз. Жыл сайын өңірлерге көмек ретінде 12 млрд теңге бөлеміз. Бұл ақша түрлі нысандар салуға, ауруханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтауға, спортты дамытуға, мектептер, балабақшалар мен қарттар үйіне керекті заттар алуға жұмсалады. Әр жылда жергілікті әкімдікпен меморандумға отырып, сол бойынша жұмыс істейміз. Мемлекетке төленген салық мөлшері жағынан компаниямыз республика бойынша үздік үштікте тұр.

- Қазіргі «Казцинк» осыдан 25 жыл бұрынғымен салыстырғанда қалай өзгерді?

- Түбегейлі өзгерді. Өзіміз де өзгердік. Ол кезде жаспыз. Бәрі біз ойлағанымыздай болатын секілді көрінді. Алайда уақыт өте келе оңай дүние жоқ екендігін түсіндік. Қас қағымда жетістікке жету, бір сәтте барлық мәселені шешу мүмкін емес. Қандай да бір нәтиже болу үшін табанды еңбек пен шыдамдылық қажет. Осы уақытқа дейін бағана сөз еткен зауыттар салынып, компания ауқымы артты. Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама іске қосылды. Жетістіктеріміз бар. Алайда дами түскен сайын одан ары қарай өсу үшін әлі ұзақ жол тұрғандығын түсінеді екенсің.




- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазіргі цифрландыру заманында компания жұмысына жаңа технологияларды көптеп енгізіп жатырмыз. Осы бағытта еңбек ете бермекпіз. Жұмысты 100 пайыздан артық беріліп істегенде ғана нәтиже болады. Біздің бағытымыз осы.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Жоғары қарай