Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы шетелдік еңбекші зейнетақы жүйесіне қалай қатысады

2020 жылдың 26 қараша 2020 10:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін реттеу мақсатында жеке халықаралық шарт әзірлеу көзделген. Осыған байланысты тиісті келісім әзірленіп, 2019 жылдың 20 желтоқсанында мемлекет басшылары қол қойды. Аталған келісімнің негізгі мақсаты – жұмысқа орналастырушы мемлекет өз азаматтарына тарайтын жағдайларда және тәртіппен еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және іске асыру, еңбекшілердің зейнетақыларын тағайындауға және экспорттауға байланысты мәселелерді шешу, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасында зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің іайтуынша, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде әртүрлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Мысалы, Беларусьта жинақтаушы зейнетақы жүйесі жоқ. Ал басқа елдерде жинақтаушы жүйелері әртүрлі. Зейнетақы жүйелерін қаржыландыру және зейнетақы қаражатын бөлу тәсілдерінде де айырмашылық бар. Бұдан басқа зейнетақы жүйелері құрылымдық жағынан, яғни зейнеткерлік жасы, мөлшері, еңбек өтілі және басқа да параметрлер бойынша ерекшеленеді.

«Қазіргі уақытта тұрақты тұратын шетелдік азаматтар үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі реттелген. Ал жұмыс мақсатында уақытша келген еңбекшілер үшін бұл мәселе реттелмеген күйде қалып отыр. Сондықтан аталған келісімнің күшіне енуі еңбекшілердің зейнетақы саласындағы мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары мен еңбекшілердің тең құқықтарын қамтамасыз етіледі. Әр мемлекет өз аумағында жұмыс өтілі кезеңдері үшін зейнетақы төлейтін болады. Әрбір мүше мемлекет зейнетақы алу құқығын айқындап, оның мөлшерін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептейді», - деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, келісім аясында Қазақстан тарапынан еңбекші көшіп-қонушыларға ұлттық заңнамада белгілеген тәртіппен тек жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдері көзделеді.

«Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган ретінде біздің тарапымыздан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленеді», - деді Біржан Нұрымбетов.


Жоғары қарай