Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандағы Төтенше жағдай: Бас прокуратура оқиғаның толық хронологиясын жариялады

2022 жылдың 15 қаңтар 2022 22:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев елде болған тәртіпсіздіктердің толық хронологиясын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Шалабаевтың айтуынша, сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты наразылық Маңғыстау облысында 2022 жылдың алғашқы күнінде басталған.

«Бірінші қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17.20-да қала әкімдігінің жанында қала тұрғындары жиналды. Сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейнеөтініш жазған соң сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ.

Екінші қаңтарда Маңғыстау облысында сағат 11.00-ден бастап әкімдіктерге автопарктерге, мешітке жақын жерде сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен облыс тұрғындарының санкциясыз жиындары байқалды. Күн ішінде наразылық білдірушілер шамамен бірнеше жүз адамды құрады. Жаңаөзен қаласында акцияларға қатысушылар ішкі автожолдарды жапты. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ», - деді ол.

Айтуынша, үшінші қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа 7 өңірінде бейбіт митингілер басталған.

«Төртінші қаңтарда митингілер жалғасып, адамдардың санкциясыз жаппай жиналыстары байқалған өңірлер саны 11-ге дейін өсті. Қатысушылар саны 38 мыңға дейін күрт өсті. Алматы және Шымкент қалаларында қарулы шабуылдар, өртеу соның ішінде қызметтік автокөліктерді өртеу басталды. Алматы қаласында «Алматы Арена» спорт кешенінің жанында жиналған 5 мыңға жуық адам қала әкімдігінің ғимаратына барып, полиция қызметкерлерімен қақтығысқа түсті», - дейді бас прокуратура өкілі.

Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметінің бастығы осының салдарынан 6 полиция автокөлігі өртеніп, Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісі және 15 полиция қызметкері жарақат алғанын айтады.

«Шымкент қаласында 21 автокөлік зақымдалды. Осы күннен бастап қызметкерлер мен әкімшілік ғимарттарға шабуылдарды қайтару мақсатында құқық қорғау органдары адам өміріне қауіп келтірмейтін арнайы құралдарды пайдалана бастады.

Бесінші қаңтарда ойран салу мен ғимараттарды басып алу 11 аймақта жалғасты. Оларға қатысушылар саны 50 мыңға жетті.

Төртінші қаңтардан бесінші қаңтарға қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын, алтыншы қаңтар күні Алматы халықаралық әуежайын басып алды. Сондай-ақ, бандиттер өрт сөндіру бөлімін, Алматы қалалық полиция департаментін, Әузеов және Жетісу аудандық полиция басқармаларын басып алуға әрекет жасады, 7 қару-жарақ дүкеніне басып кірді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2 «Камаз» автокөлігіне полиция департаментінің 2 қызметтік автокөлігіне, қала әкімдігінің «Nur Otan» партиясының ғимараттарына, 4 сауда орталығына, банк бөлімшелеріне өрт қойылды. Алматыдағы қарулы шабуылдарға қатысушылар саны 20 мыңнан асты», - деп еске алды Серік Шалабаев.

Оның сөзінше, Қызылорда қаласында шабуылшылар 9 автокөлікті өртеді, 1 жауынгерді көлікпен қағып өлтірген.

«Әскери қызметшілерден белгісіз адамдар тобы автомат пен екі тапаншаны тартып алды. Талдықорған қаласында шабуылшылар әкімдік, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимараттарын басып алды. Қалада қарулы топтар жүрді. Сондай-ақ, күш қолдану арқылы Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында облыстық әкімдіктерінің ғимараттары басып алынды. Азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге байланысты Президенттің Жарлықтарымен елдің әр аймағында Төтенше жағдайлар енгізіліп, комменданттық сағат белгіленді. Террористердің әрекеттерін үйлестіруді жоққа шығару және олардың байланыс құралдарын падалануын жол бермеу мақсатында интернетті пайдалану шектелді», - деді Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметінің бастығы.

Сондай-ақ, ол қарулы топтарға қарсы құқық қорғаушылар мен әскерилер тарапынан қашан оқ атыла бастағанын нақтылады.

«Алтыншы қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елімізде антитеррористік операцияны өткізу жарияланды. Оның негізгі мақсаты – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жою және азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау болып табылады. Тек осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады. Алматыда «Көктөбе» телемұнарасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің академиясын террористердің басып алуына жол берілмеді.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен бітімгерлік операция жүргізу үшін Қазақстанға ҰҚШҰ күштерінің контингенттері жіберілді», - деді Бас прокуратура өкілі.

Айтуынша, 7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасқан.

Ал 8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтанып, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылған.

Аталмыш брифингіде Бас Прокуратура Төтенше жағдай кезінде қаза болғандардың жалпы санын атады.


Жоғары қарай