Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 399.67
EUR 452.95
RUB 5.82
CNY 56.36

Қазақстандық дипломаттар қазақстандықтардың Чехиядан оралуына көмектесуде

2020 жылдың 29 наурыз 2020 09:19

ПРАГА. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігі отандастарымызды елге жеткізу мәселесін реттеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің мәліметінше, Чехия коронавирустың таралуымен бетпе-бет келген мемлекеттердің бірі. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін таусылмайтын туристердің ағымына үйренген Чехия көшелері бір сәтте босап қалған.

«Таңертеңнен бастап қазақстандық дипломаттар осы елде қалған біздің азаматтарымызға көмек көрсету үшін жолға шығады. Отандастарымыз Чехияның әртүрлі қалаларында тұрады. Сондықтан бір орында бағыт құру қажет. Бүгін Қазақстан Республикасының Елшісі Марат Тәжиннің тапсырмасы бойынша қазақстандық дипломаттар Прагадан 120 шақырымда орналасқан кішігірім Бехин қаласына орта мектепте білім алатын жас азаматтарды осы қаладан эвакуациялау үшін жолға шықты. Балалардың кейбіреуі жақында ғана 16 жасқа толған. Мектеп бітіргеннен кейін олар Праганың жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Ал қазір елге оралғылары келеді», - деді елшіліктен.

Мәлім етілгендей, Қазақстанға сапар шегушілер әуежайға дейін ҚР Елшілігі ұсынған көліктермен жеткізілген.

«Барлық балаға маска берілді. Балалардың барлық заты көлікке артылғаннан кейін олар тікелей Прагадағы халықаралық әуежайға жол тартты. Жолдар әбден бос, кейде бағыттас көлікті көруге болады. Елде өмір тоқтап қалған сияқты. Прага әуежайы босап қалғанын көруге болады. Шетелден азаматтарды қайтару үшін ғана санаулы рейс ұшуда. Чехия азаматтарына өз елінен кетуге тыйым салынған. Төтенше жағдай және карантин енгізілген», - делінген дипөкілдік мәліметінде.


Таратылған хабарламаға сәйкес, әуежайға жеткеннен кейін көп кешікпей «Белавиа» әуекомпаниясының Прага-Минск рейсіне тіркеу мен отырғызу басталған. Бұл - бүгінгі күні Чехиядан Қазақстанға жеткізетін жалғыз ғана бағыт. Басқа рейске тіркеу пунктері жабық. Адамдар өздерінің рейстерін күтуде. Рейстер үнемі кейінге қалдырылады.

«Жас азаматтарға Бехин қаласынан Прагаға дейін әдеттегі күндері де жету қиын болып тұр. Ең алдымен бір қалаға жетіп, сол қаладан электричкаға отыру керек. Біздің балаларымыздың Қазақстанға оралуына толықтай қолдау көрсеткен чехиялық достар мен әріптестерге алғысымызды білдіреміз», - деді елшіліктен.

«Қазақстанға оралу бойынша көрсеткен көмегі үшін ҚР Елшілігіне алғыс білдіргім келеді. Әлемдегі қазіргі ахуалға байланысты Праганың өзінде де жүріп-тұру қиындап кетті. Бізге Елшілік әуежайға жету үшін көлік бөлді. Сондай-ақ маскалар, сусындар ұсынды», - деді Карина Логвиненко.


Жоғары қарай