Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық музыкант Imanbek-тің ремиксі Grammy сыйлығына ұсынылды

2020 жылдың 25 қараша 2020 08:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Grammy номинанттарының тізімі сыйлықтың ресми сайтында жарияланды. Одан бөлек, Иманбектің өзі де Instagram сторисінде осы қуанышты жаңалықты бөлісті.

Айта кетейік, аталған ремиксімен әлемдік музыка чарттарында қара үзіп алға шыққан Иманбек Зейкенов ата-анасымен бірге Ақсу қаласында тұрады. Әкесі - өрт сөндіруші, анасы туристік агенттікте жұмыс істейді.

Өзінің айтуынша, ол ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген.







Өткен жылдың желтоқсанына дейін ол жергілікті темір жол стансасында жұмыс істеді. 2019 жылдың жазында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады.

Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялады. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды. Тіпті, Американың The New York Times газетінде Иманбек жайлы мақала да жарияланды.

Grammy — АҚШ Ұлттық өнер және дыбыс жазу академиясының жыл сайын табысталатын сыйлығы. Жүлдегер академия белсенді мүшелерінің дауыс беру нәтижесі арқылы анықталады.


Автор Жанат Қапалбаева
Басты сөздер: Мәдениет, Өнер, Америка,
Жоғары қарай