Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 6 медаль жеңіп алды

2021 жылдың 26 шілде 2021 18:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов физика және лингвистика пәндерінен өткен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің оқушылар Қазақстанды әлемге танытуды жалғастырып жатыр. Олар физика және лингвистика пәндері бойынша халықаралық олимпиадаларда 6 медаль жеңіп алды. Жас физиктер құрама қоржынына 5 күміс, лингвистер 1 қола медаль салды», деп жазды министр Facebook -тегі парақшасында.

Физика пәнінен олимпиада Литвада өтті. Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Павлодар қаласынан бес оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты.

«Олар әлемнің 76 елінен келген 400-ге жуық оқушымен бақ сынасты. Нәтижесінде оқушыларымыздың барлығы жүлделі орынға ие болды. Күміс медаль иегерлері – Рауан Қалдыбаев, Антон Драганчук, Дінмұхаммед Рахымжанов, Ризабек Алпамыс, Ерсұлтан Пітебай», - деді Асхат Аймағамбетов.

Лингвистика пәнінен олимпиада Латвияда өткен. Оған Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз және Қарағанды қалаларынан 4 оқушы қатысты.




Қазақстан құрама командасы республикалық олимпиаданың жеңімпаздарынан жасақталды. Елордалық оқушы Дарья Пересыпкина қола медальға ие болды.

«Сіздерді жаңа жеңістеріңізбен құттықтаймын! Қазақстандық оқушылар мықты дайындығын, білімдерінің жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді.

Сіздер өз құрдастарыңыздың арасында физика және лингвистика әлемінде көшбасшы бола алдыңыздар.

Осындай жетістіктер қажырлы еңбектің, шыдамдылық пен қайсарлықтың, бірнеше жылдық жоғары дайындықтың нәтижесі екені анық. Болашақта сіздердің есімдеріңізді отандық ғылым әлемінде көретінімізге үміт артамыз. Сіздерге жаңа жетістіктер тілеймін!», - деді министр.

Асхат Аймағамбетов оқушылардың ұстаздарын, ата-аналарын және жаттықтырушыларын құттықтады. Ол оқушылардың ғылым әлемін одан әрі бағындыруы мен рекордтарын жаңартуы үшін жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті.


Жоғары қарай