Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратының кезекті сынағы сәтті өтті

2021 жылдың 15 мамыр 2021 18:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының маңында отандық өнім «Шағала» барлау ұшқышсыз ұшу авиациялық кешенінің далалық сынақтары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған құрылғыны Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары әзірледі.




Қазіргі уақытта бұл аппарат сынақтардың соңғы сатысынан өткізілуде.

Ол түрлі ауа райы мен әркелкі жер жағдайларында бірнеше рет сыналып, жақсы нәтиже көрсетті.

– «Шағала» ұшу аппаратынан, жер үсті сегментінен тұрады және соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған жүйе. Бұл қазақстандық әскери ғалымдар толық шығарған алғашқы жоғары технологиялық өнім. Жеке бағдарламалық жасақтамасы – оның басты ерекшелігі болып табылады.

Аппараттың бірнеше қорғаныс деңгейі бар. Бұл біз дайындаған өнім, – деп атап өтті Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Ұшқышсыз ұшу аппараты бағыт бойынша ұшуда, жердегі объектілерден ақпарат алып, оны операторға жеткізеді. Барлау авиациялық кешенінің ұшу қашықтығы – 30 шақырымды, барынша жылдамдығы – 110 км/сағ, теңіз деңгейінде ең биік ұшуы – 3500 метрді құрайды. Әуеде екі сағат болып, жел секундына 14 метрге дейін күшейген кезде беріктігін сақтайды.




Бұл құрылғы отандық бағдарламалық-аппараттық байланыс арнасымен, сонымен қатар криптографикалық хаттамамен жабдықталған.

«Шағала» ұшқышсыз ұшу құрылғысы техникалық сипаттамасы жағынан шетелдік құрылғылардан кем түспейді, сонымен қоса оның бағасы шетелдік үлгілерден айтарлықтай төмен.

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев сынақты бақылады. Ол «Шағаланың» қазіргі таңда Қазақстанда әскерлердің оқу-жаттығу кезінде пайдаланатын барлау-ату және барлау-соққы беру кешеніне айналатын элементтердің бірі болуы мүмкін екенін атап өтті.











Басты сөздер: Әскер,
Жоғары қарай