Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандық теннисші Аустралия ашық чемпионатының финалында өнер көрсетеді

2022 жылдың 29 қаңтар 2022 18:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина ертең жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының финалында өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге әлемнің жұптық сындағы бірінші ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен бас жүлдені сарапқа салады.

Данилина мен Майя биылғы маусымда алғаш рет бірге ойнап жүр. Қаңтар айының ортасында олар Сидней WTA 500 турнирінің чемпионы атанды. Сиднейде қазақстандық-бразилиялық жұп 4 матчының үшеуінде супер тай-брейкте қарсыластарын тізе бүктірді. Ал Мельбурнда 5 кездесуінің төртеуінде үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды.

Чехиялықтар финалға дейін қарсыластарына бірде-бір сетті беріп көрген жоқ. Оған қоса Крейчикова мен Синякова бір-біріне әбден төселген. 2018 жылы Франция ашық чемпионаты мен Уимблдонда ешкімді шақ келтірмеді. Ал өткен жылы Ролан Гаррос пен Гвадалахарада WTA қорытынды турнирінде жеңімпаз атанды. Оның үстіне Токио Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілді.

Аустралия ашық чемпионатындағы жұптық сындағы финалдық бәсеке 30 қаңтар күні елорда уақытымен сағат 10.00-де «Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Мастерс чемпиондық рейтингісінде бір ай бойы көш басында келе жатқанын, Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның жұптық сында финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен жасөспірімдер арасында Қарағандыда екі ірі жарыс өтеді.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай