Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық теннисшілер Хорватиядағы турнирдің финалына шыға алмады

2021 жылдың 17 сәуір 2021 08:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Сплит 2 челленджер турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Доданың 2-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп жартылай финалда Польша өкілдері Шимон Валков – Ян Зелинскимен кездесті.

Бұдан бір апта бұрын Сплиттегі осындай бірінші жарыстың финалында қазақстандықтар Ш.Валков пен Я.Зелинскиді ұтып, чемпион атанған болатын.

Бұл жолы поляктар сәттірек ойнады. Олар бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте тай-брейкте жеңісті бермеді – 7:6 (7:1).

Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.

Финалда Ш.Валков пен Я.Зелински франциялықтар Грегуар Баррер – Альбано Оливеттимен бас жүлдені сарапқа салады.

Қазақстанның екінші, әлемнің 101-ракеткасы Михаил Кукушкин Барселона ATP турнирінің іріктеу сайыстарында бақ сынайды. Ол бастапқы кездесуінде дүниежүзілік рейтингте 293-орында тұрған испаниялық Карлос Химено Валеромен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Қазақстан – Аргентина матчын жеңіспен бастағанын, кейін есептің теңескенін жазған болатынбыз.

Аргентинаның Кордова қаласында екі елдің арасындағы матч қайта жалғасады.

Бүгінге Елена Рыбакина – Надя Подороска, Юлия Путинцева – Мария Лурдес Карле, жұптық сында Ярослава Шведова мен Анна Данилина және Н.Подороска мен М.Л.Карле кездесуі жоспарланып отыр. Матчтың өтуіне және ойыншылардың жағдайына қарай өзгерістер енгізілуі ықтимал.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай