Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандық жас ғалым полиэтилен материалдарына балама әзірлеуде

2022 жылдың 22 қаңтар 2022 17:48

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Нариман Қайырбековтің бала күнінен ғылымға деген қызығушылығы зор, ынтасы ерекше. Бұған әкесінің белгілі ғалымдардың өмір жолы, еткен еңбегі туралы айтып, химиялық эксперименттерді жүргізіп көрсетуі себеп болған. Бүгінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқитын ол полиэтилен материалдарына балама әзірлеп жатыр. Жас ғалымның бұдан басқа да жобалары көп. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі Нариман Қайырбековпен сұхбат құрып қайтқан болатын.

- Ғылыммен айналысуды бала күніңнен мақсат еттің бе?

- Мен педагогтар отбасында тәрбиелендім. Әкем химия пәнінен сабақ берсе, анам бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Қаршадайымнан әкемнің ғылым-білім мен белгілі ғалымдар туралы, олардың еңбек жолы жайлы айтқанын естіп өстім.

Бірге химиялық эксперименттер жүргізетінбіз. Мектеп кезінен бастап химия бойынша түрлі сайыстарға қатысып, олимпиадаларда жеңіске жеттім. Бұл мамандық таңдауыма түрткі болды.

Қазір С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Химия» мамандығы бойынша үшінші курс студентімін. Сонымен қатар жоғары оқу орны жанындағы ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханада ғылыммен айналысып жүрмін.

Ғылым еңбекқорлықты, шыдамдылық пен табандылықты қажет етеді. Неге дәл осы қасиеттерді атап өттім дейсіз ғой. Өйткені ұзақ уақыт бойы бір ойлағаныңыз іске аспай, жұмысыңыз жүрмеуі мүмкін. Әлбетте мұндайда еңбекқорлық пен шыдамдылық қажет. Өкінішке қарай, бәрі бірдей шыдай бермейді.




- Полиэтилен материалдарына балама жасап жатқаныңды естідік. Сол жайлы әңгімелеп берсең.

- Ол жобаны мектеп кезінде ойластырған едім. Табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын материалдарды әзірлеуді қолға алу осы университет қабырғасында мүмкін болды. Білім ордасының ғалымдары да ақылдарын қосып, көп жәрдемдесті.

Бұл материал – пластикалық пакеттерге балама. Ол үшін крахмал негізінде биологиялық ыдырайтын материал жасалады. Менің материалым басқалардан өзгеше болмақ.

Целлюлоза негізінде де жұмыс істеуге болады. Оларды суда еріту жеткілікті және бұл қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Алайда жоба әлі толықтай аяқталған жоқ. Соңғы межеге жету үшін тағы біраз жұмыс істеу керек. Биологиялық ыдырайтын материалдың қазақстандық өнімін шығару – алға қойған мақсаттарымның бірі.




- Әкеңнен бөлек осы салада ақыл айтып, жол нұсқар ұстазың кім?

- Университет ғалымы Кыдырмолла Ақатанды ерекше атап өткім келеді. Әркез бағыт-бағдар сілтейтін ұстазым барынша қолдап білдіруде. Ұлттық ғылыми зертханада тәжірибеден алғаш рет өткен кезде, менде ешқандай негіз қалыптаспаған еді.

Әуелде қиынға соқты, бірақ ұстазым мені жігерлендіріп, тоқтамауға шақырды. «Қазір ойлағаныңдай шықпаса да, келесі жолы нәтиже болады. Сол үшін берілме!» дейтін.

- Тағы қандай жобаларды жүзеге асырып жатырсың?

- Тек мен ғана емес, зертханадағы ғалымдар бірнеше жобаларды қолға алдық. Оның бірі егін жинауға қатысты. Нақты айтқанда, біз соя өсімдігіне оңтайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Ол дегеніміз - тұқымдарды алдын-ала өңдеу деген сөз.

Температураның шамалы төмендеуімен немесе басқа сыртқы факторларға байланысты өнім көлемі азаяды. Соя тамақ өнеркәсібінде ғана емес, басқа да көптеген саланың ажырамас бөлігі.




Егу алдында өңдеу үшін табиғи полимер, сорбент негізіндегі сұйықтық қоспасы мен біздің материалымыз қолданылады. Ол материал бактерияға қарсы қасиеттері бар мыс иондарынан тұрады. Оның ішінде метаболизмді жақсартатын және биостимуляторлық қасиеттері бар басқа компоненттер кездеседі.

Сондай-ақ жеке өзімнің де жобаларым бар. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық ядролық орталығының тапсырысы бойынша отын элементтері негізінде энергиямен қамтамасыз ету құрылғысы мен технологиясын құрумен айналысып жатырмын.

Жалпы алдағы уақытта жүзеге асырғым келетін идеялар өте көп. Басты арманым – Нобель сыйлығын алу және Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосу.

- Әңгімеңе көп рахмет!


Жоғары қарай