Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандықтар 15 жылда бір ғана қор арқылы 6,2 млрд теңгенің қайырымдылық көмегін жинаған

2021 жылдың 30 мамыр 2021 23:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда Аружан Саинның «ДОМ» қорының құрылғанына 15 жыл толуына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қайырымдылық қоғамының 15 жылдығына арналған «Балаларға өмір сыйла» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Туындыны қордың осы уақыт ішіндегі жұмысы туралы есебі деуге болады. Туынды өзгелердің тағдырына бейжай қарамайтын қазақстандықтардың арқасында көмек алған балалардың өмірі туралы әсерлі сюжеттерден құралған.

«Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп қанша жұмыс істелгенін байқамаймыз. Жылдық есептердің қорытындыларын қосқанда ғана 15 жыл ішінде Қазақстан халқы «ДОМ» ҚҚ арқылы балаларға жалпы сомасы 6,2 млрд теңгеден астам көмек көрсеткенін біліп, таңқалдық! Бұған балалардың шетелде емделуін ұйымдастыруға арналған тікелей ақшалай қайырымдылықтар, медициналық жабдықтар мен техникалық оңалту құралдарының, санитарлық-гигиеналық өнімдер мен тұрмыстық химия құралдарының, емханаларға, ауруханалар мен балалар үйіне берілген тамақ, киім мен аяқ киімнің құны кіреді. Біздің барлық жобаларымызда – «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!» және «Жетімі жоқ Қазақстан» – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Kusto» компаниялар тобы, «Kaspi.kz» және басқа да көптеген ұйымдар мен мыңдаған қарапайым қазақстандықтар қорға қолдау көрсетті», - дейді Аружан Саиннің өзі.

Оның айтуынша, «Балаларға өмір сыйла» жобасы арқылы да республиканың барлық аймақтарынан 1981 балаға көмек көрсетілген. 4 млрд 101 млн 208 414 теңге сомасында 3 017 ота жасалған.

Сондай көмек алғандардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал өңірінен шыққан Құрбанбек және Талапты Айдарқұлдар. Екеуі де VI типті мукополисахаридоз (Марото-Лами синдромы) дейтін дертке шалдыққан. Екі жыл бойы балалар денсаулық сақтау министрлігінде шетелден емделуге квота алу үшін кезекте тұрған. Аналары Светлананың «ДОМ» қорына жүгінуі балалар өмірін сақтаудың соңғы мүмкіндігі еді. Бірнеше отадан кейін ғана Құрбанбектің көру қабілетін сақтап қалу мүмкін болған. Ал Талаптыға ортопедиялық операция жасалып, аяғын басқан.

Фильмнің тағы бір кейіпкері Даниил Федоров та Қазақстан халқының арқасында өз денсаулығы үшін жүргізген 9 жылдық күресте жеңіп шықты. 2020 жылдың қыркүйегінде жүрегіне радикалды операция жасатқан жігіт қазір медициналық колледжде оқып жүр.

26 жастағы Арайлым Бортанова бала кезінен гемодиализге шалдығып, 5 жыл бойы үй көрмей, ауруханада тұрған. Қазақстанда донорлық бүйрек табылмаған. Оның үстіне елімізде ондай трансплантациялық отаны балаларға жасайтын мүмкіндік те жоқ еді. 12 жасында Арайлым қордың көмегімен Қытайда ота жасатып, кейін анасымен бірге жыл сайын Үрімжідегі клиникаға барып қаралып тұрды. Арайлым Қытайдағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін Алматыда орталық ашып, тілек білдірушілерге қытай тілін үйретіп жүр. Сонымен бірге ол Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін сабақ береді.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының қаражатына емделген Аня Литвинова 16 жасында церебралды сал ауруын жеңіп шықты. Қазір ол жүзуден Азия және Әлем чемпионаттарының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы.

Ал Мұрат пен Орынбасар Қабылбаевтар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 12 және өздерінің бір баласын теңдей көріп, тәрбиелеп отыр. «Жетімі жоқ Қазақстан» жобасы бұл шаңырақты үнемі бақылауында ұстап келеді.

Фильмде көмек алған балалар туралы ғана емес, көмектескен адамдар туралы бяндалады. Олардың ішінде Мәулен Әшімбаев, Вячеслав Ким (Kaspi.kz), Әсел Шілдебаева (Samruk-Kazyna Trust), Еркін Тәтішев (Kusto Group) сияқты қордың қамқоршылары да бар.


Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: Қоғам, Қайырымдылық,
Жоғары қарай