Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Қазақстандықтар коронавирусты көбіне ірі кәсіпорындарда жұқтырып алып жатыр – ДСМ

2020 жылдың 25 мамыр 2020 17:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты облыстарды үш топқа бөліп, мониторинг жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңға дейін Қазақстан бойынша 8531 сырқат анықталды. Олардың 3118-і ары қарай емін инфекциялық клиникаларда жалғастыруда. Жалпы 4400 адам емделіп, үйлеріне қайтарылды. Яғни жартысынан көбі емделіп, үйілеріне қайтты. Өткен тәулік бойынша инфекцияны жұқтырған 209 адам тіркелді. Өсу деңгейі – 2,5 пайыз. Жалпы өткен аптамен салыстырғанда 2091 науқас анықталып, өсу деңгейі 2,2-5,2 пайыз деңгейінде сақталып отыр», - деді ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-ктегі парақшасында.

Оның айтуынша, өткен аптада коронавирус жұқтырған азаматтардың 80 пайызы немесе 1689 науқас белсенді түрде жүргізілген скрининг барысында анықталған.

«Кейбір өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны айтарлықтай артып келеді. Аймақтарды өсім бойынша бірнеше топқа бөліп отырмыз. Бірінші топқа жұқтыру өсімі 7 пайызды құрайтын өңірлер кіреді. Мұндай өсім Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында байқалды. Екінші топтағы өсім көрсеткіші 5-7 пайыз аралығын көрсетіп отырған облыстарға Ақмола, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласы енеді. Үшінші топқа өсім көрсеткіші 5 пайыздан төмен аймақтар кіреді. Олар: ШҚО, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облысы мен Алматы қаласы», - деді ол.

Комитет басшысы аймақтарда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көбі ірі кәсіпорындарда тіркеліп жатқанын айтып өтті.

«Мәселен олардың ішінде Шымкенттегі «Петро Қазақстан» немесе Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» нысандары бар. Атыраудағы «Теңізшевройлда» да сондай жағдай. Азаматтардың жұмысқа шығуына, екінші жағынан карантин тәртібінің әлсіреуіне байланысты бізде жұқтыру жағдайы артып барады», - деді ол.


Жоғары қарай