Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандықтар төлем карталары мен қосымшаларды қашаннан бастап пайдаланады

2022 жылдың 6 қаңтар 2022 21:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов төлем карталары мен мобильді қосымшаларды пайдаланумен байланысты қалыптасқан жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жағдай біріншіден интернеттің жоқтығымен байланысты. Яғни, біз инкассация жасап, банкоматтарға ақша сала алмаймыз. Қаржылық қызметтерді көрсететін жүйе толықтай жұмыс істеп тұр. Елдегі жағдай тұрақтанып, интернет қосылса, азаматтар төлем карталарын да, мобильді қосымшаларды да еш кедергісіз пайдалана алатын болады. Сондай-ақ депозиттерін пайдаланып, банк, банкомат және төлем терминалдары арқылы ақша аудара алады. Баршаңызға мәлім, қазіргі таңда елде терроризмге қарсы операциялар жүріп жатыр. Біз жағдай жақын арада тұрақтанады деген үміттеміз, сол кезде барлық банк операциялары қалпына келтірілетін болады»,-деді Берік Шолпанқұлов.

Оның сөзінше, 5 қаңтарда төтенше жағдай жариялануына байланысты тек Алматы мен Маңғыстау облыстарында ғана барлық қаржы инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеді. Яғни барлық төлемдер өңделіп, қор биржасында сауда жүрді.

Бүгін терроризмге қарсы операциялардың жүзеге асырылуына байланысты Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп, 6 қаңтар, яғни бір күнге барлық қаржы ұйымдарының жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Олардың қатарына халықтың және қаржы ұйымдарының қауіпсіздігін сондай-ақ инфрақұралымның сақталуын қамтамасыз ету үшін екінші деңгейлі банктер де енгізілді.

«Ертең мереке, одан кейінгі екі күн қатарынан демалыс, сондықтан қаржы ұйымдары осы күндері де қызмет көрсетпейді. Интернет қосылған соң банк операциялары екінші дәрежелі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады»,-деді спикер.

Айта кетейік, Қазақстанда екінші деңгейлі банктер жұмысын тоқтатты. Қазақстанда 12 мың банкомат бар болса, олардың көпшілігі жұмыс істемей тұр. Жұмыс істеп тұрғандарының өзінде интернет жоқ.


Жоғары қарай