Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандықтардың полицияға сенімі артып келеді – Сергей Ильиных

2021 жылдың 23 маусым 2021 10:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың полиция департаментінің бөлімшелерінде ата-аналарынан бастап өмірін ішкі істер органдарына қызмет етуге арнаған қызметкерлердің қатары көп. Солардың бірі Нұр-Сұлтан қалалық ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы Сергей Ильиных.

Ұрпақтан-ұрпаққа әскери қызметшілікті мансұқ еткен отбасыдан шыққан Ильиных Сергей Сергеевич 15 жыл бойы Нұр-Сұлтан қалалық ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасында еңбек етіп келеді. Бала кезінен әскери қызмет өмірін санасына сіңірген ол мамандық таңдауға келгенде еш ойланбастан құқық қорғау органына таңдау жасады. Сөйтіп 1996 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ҚР ІІМ Академиясына оқуға түсті.

Ильиныхтар отбасында қоғам тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, Отан игілігіне қызмет ету бағытында жүрген бірнеше буын бар. Әкерилер әулетінің негізін қалаушы санатын Сергейдің арғы екі атасы да екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер болатын.

«Атам Ильиных Петр Иванович соғыс кезінде танкист болған еді. Шыршық жоғары танк училищесін бітірген жас курсантты бірден майдан шебіне, соғысқа аттандырады. Жеңістен кейін де ол ұзақ уақыт бойы жаудан азат етілген Еуропа аумағында қызмет етіп, капитан шенінде елге оралды. Анамның әкесі нағашы атам Чистенин Иван Федотович Венгрияны азат ету соғысына қатысқан. Жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін ол екі рет жауынгерлік наградамен марапатталған. Олар: «Ерлігі үшін» медалі және ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» ордені», - деді полиция қызметкері.

Кейіпкеріміздің әке-шешесі Ильиных Сергей Петрович пен Ильиных Тамара Ивановна да Ішкі істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеді. Олар 1976 жылдан қол ұстаса жүріп, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар жүйесінің Ақтау қаласындағы өртке қарсы қызметінде еңбек етті. Сол кездері кішкентай Сергей мен ағасы Руслан үшін әкелері батырлықтың, ержүректіліктің шынайы үлгісіне айнала білді.

ҚР ІІМ Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар гарнизонының қарауыл бастығынан гарнизон бастығына дейінгі еңбек жолынан өткен Сергей Петрович 2001 жылы ішкі істер органдарындағы қызметін ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басқармасы бастығы лауазымында аяқтады. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының запастағы полковнигі ІІМ-ның құрметті зейнеткері. Ал оның жұбайы Тамара Иванова Ақтау қаласының өртке қарсы қызметінде табан аудармай 25 жыл инспектор болып жұмыс істеді. Зейнеткерлікке ҚР ІІМ төтенше жағдайлар қызметінің запастағы аға прапорщигі атағымен шықты.

Ата-анасының ізін жалғаған Ильиных Руслан Сергеевич Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет етеді. Ол Кеңес армиясында әскери борышын өтеп келгеннен кейін ҚР ІІМ Алматы техникалық училищесінің Көкшетау филалын бітірді. Зейнеткерлікке ҚР ТЖМ Қызметкерлердің біліктілігін арттыру оқу орталығы лауазымында шығып отыр.

Туыстарына қарағанда Сергей Ильиных полиция мамандығын тағдады. 2001 жылы ІІМ академиясын бітіргеннен кейін Астан қалалық ішкі істер басқармасына жедел уәкіл болып жұмысқа қабылданды. 2007 жылда бері Нұр-Сұлтан қалалық ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы нашақорлықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің бастығы болып еңбек етіп келеді.

Құқық қорғау органдарында еңбек еткен жылдардың ішінде полиция подполковнигі Ильиных Сергей Сергеевич мол кәсіби тәжірибе жинап, әріптстердің арасында беделге ие болды. Полиция жұмысы үнемі тыңғылықты назарды, жанкештілік пен заңға сауаттылықты талап ететіндігін белгілі. Осы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген ол көптеген ведомстволық наградаға ие болды. Олардың қатарында ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясы бас қолбасшысының атынан сағат, ҚР Ішкі істер министрінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының құрмет грамоталары бар.

«Құқық қорғау органдарындағы жұмыс еш уақытта жеңіл болған емес. Сондықтан бұл мамандықты таңдамас бұрын жақсылап ойланып алу керек. Ал содан кейін нақты шешім қабылдасаң соңына дейін баруың қажет. Әрине, адал әрі парасатты болған жөн. Еш уақытта ақшаның соңына түспеппін. Барлық уақытта бедел үшін жұмыс істеуге тырыстым. Өйткені, азаматтарымыздың қауіпсіздігі біздің жұмсымыза тікелей байланысты. Көп жағдайда біздің іс-әрекетіміз арқылы полиция туралы жай ой-пікір қалыптасады. Сондықтан органдарда қызмет ету – бұл өте үлкен жауапкершілік», - деді Сергей Ильиных.

Полициядағы қызмет барысында көп уақыттың кетеді, бар күшіңді сарт етуге де тура келеді. Бірақ, бұл Сергей Сергеевичке сүйікті жар, қамқор әке болуына кедергі бола алған емес. Жұбайы Татьяна барлық уақытта да сенімді серігі болды. Отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан жасар Дарья Полиция департаменті өткізетін барлық байқауға белсене қатысып, әкесінің қолқанатына айналып келеді.

«Иә, отбасы менің менімді тылым. Жұмысымызда бұл өте маңызды. Әрине, жұбайым екеуіміз бұл баланы өте ұзақ күттік және ол үлкен қуаныш пен бақыт әкелді. Жалпы, мен барлық уақытта жұмыстамын десем болады. Демалыс күндері қызым әкесімен ілесіп жұмысқа баратын кездер де болып тұрады», - деді Сергей Ильиных.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта құқық қорғау органдарында көптеген өзгеріс орын алып жатыр. Жұмыс әдістері жетілдіріліп, жемқорлық көріністерге бақылау күшейе түсуде. Мұның барлығы да топтаса келе нақты нәтиже де беріп отыр.

«Бүгінде адамдар полицияға көбірек сене бастады, көмек алу үшін де жиірек жүгінеді. Мәселен, 2000 жылдармен салыстырғанда жағдай түбегейлі өзгерген», - деді полиция қызметкері.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, ҚР ІІМ, Қоғам,
Жоғары қарай