Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстандықтарға Түркияға кіруге уақытша тыйым салынды

2020 жылдың 3 шілде 2020 19:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан азаматтарына алдағы екі аптада Түркияға кіруге тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түрік билігі Қазақстан азаматтарына екі апта бойы Түркияға кіруге уақытша тыйым салынғаны жөнінде Air Astana әуе компаниясын хабардар етті. Бұған 2 шілдеде жарияланған Қазақстанда карантиннің күшейтілуі себеп болып отыр. Алматыдан және Нұр-Сұлтаннан Анталья мен Ыстанбұлға рейстер Түркияда демалысы аяқталып, елге оралатын қазақстандықтарды алып келу үшін жалғаса береді.

Түрік билігінің ақпаратына сәйкес, бұл шаралар – уақытша. Шектеулер екі аптадан кейін алынып тасталмақ», - делінген Air Astana компаниясының Facebook-тегі парақшасында.

Авиакомпаниядан мәлім еткендей, Түркияға жасалатын рейстердің кестесіне өзгеріс енгізіледі. Олар туралы жолаушылар электрондық пошта және sms арқылы хабардар етіледі.
Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізіледі.

20 маусымнан бастап Қазақстаннан Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапонияға халықаралық рейстер қайта жанданған болатын.

2020 жылдың 30 маусымындағы деректерге сәйкес, Қазақстанның туристік компаниялары Түркияға 454 турист жіберген. Оның ішінде 154 адам елге оралды.

Аталмыш елде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 202 мыңнан асты.




Жоғары қарай