Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанға импортталған картоп пен сәбіз тұқымынан жұқпалы бактерия табылды

2021 жылдың 28 мамыр 2021 22:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға импортталған тұқымдардан сәбіз бен балдыркөктің барлық дақылын жойып жібере алатын бактерия анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл сәуір айынан мамыр айына дейін Қазақстанға Германия, Нидерланды және Франция елдерінен жеткізілуі тиіс 228 тонна тұқымдық картопты, 46,4 келі француз сәбіз тұқымын тексергенде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің мамандары картоп тұқымынан (зебра чипі) зиянды қоздырғыш бактериясын анықтады», делінген хабарламада.

Candidatus Liberibacter Solanacearum бактериясы ISO 17025 халықаралық стандартына сәйкес аккредиттелген Өсімдіктер карантині республикалық орталығына қарасты Алматы аймақтық карантиндік зертханасының сараптама қорытындысы арқылы расталған.

Зерттеулер адами фактор әсер ете алмайтын және жалған оң нәтиже көрсету мүмкіндігін болдырмайтын сертификатталған тест-жиынтықтар қолданылып, ПТР талдауға арналған жоғары сезімтал детекциялау жабдығымен жүргізілді.

«Candidatus Liberibacter Solanacearum Қазақстан Республикасының аумағына жоғары фитосанитарлық қауіп төндіреді. Зебра чипі картопқа, қызанаққа, сәбіз бен балдыркөкке және басқа да дақылдарға кері әсер етеді. Бактериялар республика аумағына таралатын болса, өнімді түгелдей жойып жіберуі мүмкін және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді», делінген хабарламада.

Жұқпалы бактериясы бар тұқым фактілері бойынша тиісті карантиндік құжаттар ресімделді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес материалдар соттың қарауына жіберілді. Оның шешімі бойынша тиісті шаралар қабылданады.


Басты сөздер: ҚР АШМ, Ауыл шаруашылығы,
Жоғары қарай