Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Қазақстанның атты әскері «АрМИ-2019» марафонында жүлдегер атанды

2019 жылдың 8 тамыз 2019 19:49

МОҢҒОЛИЯ. ҚазАқпарат - Моңғолияда «Аравт» халықаралық Әскери ойындар мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан командасы аталмыш байқауда Қырғызстан мен Ресей командаларын басып озып, екінші орынға ие болды. Бірінші орын жарыс қожайындарына бұйырды. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бәсеке 2 кезеңде өткен. Бір кезеңде 130 шақырымдық марафон үздіктері анықталса, екінші кезеңде командалар қысқа қашықтықтағы аралас эстафетада бақ сынады.

«Ат марафонында әскери қызметшімен бірге оның баптап мінген атының да бабы сыналды. Басқа конкурстарда жүлде тағдырын әскери қызметшінің жеке қабілеті шешсе, бұл сайыста аттың дайындығы да жарыс нәтижесіне әсер етті. Яғни, мұны командалық сайыс деуге де болады», -деп атап өтті Қазақстан командасының бөлімше командирі аға лейтенант Бекдаир Төлегенов.




Маршруттар таулы, орманды, су бөгеттері мен құмда өткен. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқау барысында әскерилер сынақтың сан түрін бастан кешкен.

«Тереңдігі 1 метр, ұзындығы 100 метрлік су бөгетінен, мина толы алаңнан аман өту, тактикалық тапсырмалар, түнейтін қауіпсіз орын табу, жаралылар мен 30 келілік оқ-дәрі тасымалдау. Осының бәрін аттың көмегімен орындады. Екінші кезеңде қатысушыларға кедергі жолағынан өту қажет болды. Төрешілер әскеридің киім-кешегі мен қауіпсіздік шараларын сақтауына мұқият мән берді. Ал мал дәрігерлері аттардың жүрек қағысын тексеріп, төзімділігін анықтады», - делінген баспасөз ақпаратында.




Еске салсақ, қазақстандық команда Халықаралық Армия ойындарының алғашқы жеңімпазы атанған болатын. Мәскеу облысында өткен «Адал дос» байқауында біздің кинологтар командалардың рейтингі жоғары өкілдерінің арасындағы жеке біріншілікке талас ойындарында бірінші орынды иеленді.











Жоғары қарай