Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанның ірі балмұздақ зауыты төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істеп жатыр

2020 жылдың 3 сәуір 2020 15:15

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандық «Шин-Лайн» балмұздақ зауыты карантиндік периметрі бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта кәсіпорын қоймаларын жауып, толықтай оқшауланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шин-Лайн» зауыты жұмыс істеп тұр. Тіпті өнім көлемін ұлғайтуды қолға алған. 17 наурызға дейін, тәулігіне 30 тонна балмұздақ шығарды. Қазір ол 60 тоннаға жуықтады. Келесі аптадан бастап күніне 80 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сатылымдар да өсуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда наурызда шыққан өнім салмағы бойынша 26%-ға, ақшалай құны бойынша 35%-ға көбейді.







«Шин-Лайн» компаниясына биыл 25 жыл толды. Зауыт төтенше жағдай жарияланбай тұрып осы режимге көшкен. Оған тыңғылықты дайындалған.

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режимінде зауыт қалай жұмыс істеп тұрғаны жөнінде компаниялар тобының президенті Андрей Шин айтып берді.

«Наурыз айының ортасында жұмысшыларға жағдай жасау қолға алынды. Атап айтар болсақ, оларды орналастыру, тамақтандыру мәселесін шештік»,– дейді Андрей Шин.

Зауыт толық оқшауланды. Жұмысшыларға жатақхана ұйымдастырылды. Онда барлық жағдай жасалған. Асхана мен медициналық пункт жұмыс істейді. Ауысымнан шыққан жұмысшылар бос уақытында теннис немесе волейбол ойнайды. Аулада дүкен де бар. Жұмысшылар тегін Wi-Fi–ға қосылған. Туыстарымен әлеуметтік желі арқылы хабарласады. Жабық периметрде психологте жұмыс істейді.




«Шин-Лайн» зауыты тамақ өнімдерінің сапасына қойылатын жоғары стандарттар мен талаптарды орындау мақсатында толық оқшауланды. Карантин режимінде жұмыс істеуге бел буды. Зауыт заманауи технология әдістерін қолданады. Десекте, құралдарды адамдар басқарады. Сондықтан жұмысшылардың денсаулығы біз үшін өте маңызды. Қазір 400 адам жабық периметрде жұмыс істейді . Егер адам санын көбейту қажет болса, жаңа келгендер арнайы бөлмеде 14 күн карантинде болады және медициналық қорытындыдан кейін жұмысқа кіріседі», - дейді ол.




Зауытта барлық санитарлық талаптар сақталады. Кәсіпорын ауласына кіретін көлік санына шектеу қойылды. Зауытқа қажетті заттарды жеткізетін көліктер алдымен дезинфекциядан өтеді.

«Бұған дейін «Шин–Лайн» шикізатты Малайзия, Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь және Еуропадан алды. Қазіргі уақытта оны отандық өнімдерге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Әзірге, компания балмұздақтың ең танымал 30 түрін шығаруда. Негізі 140 түрі бар», - деп қорытындылады Андрей Шин.


Жоғары қарай