Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінде ЭЦҚ алуға болады

2021 жылдың 7 қыркүйек 2021 18:28

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Пилоттық жоба шеңберінде Қазақстан азаматтары еліміздің шет елдердегі елшіліктері мен консулдықтарынан электрондық цифрлық қолтаңбаны алуына болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда пилоттық жоба Әбу-Даби, Бішкек, Вашингтон, Мәскеу, Нью-Йорк, Прага, Санкт-Петербург, Сеул, Ыстанбұл және Майндағы-Франкфурт қалаларында орналасқан 10 дипломатиялық өкілдікте жұмыс істейді.

Жобаның мақсаты – елден тыс жерде тұрақты немесе уақытша болатын отандастарға электронды үкімет порталының барлық автоматтандырылған қызметтерін, оның ішінде Сыртқы істер министрлігінің электронды қызметтерін қолжетімді ету.

Шет елдердегі мекемеге барар алдында азаматтар Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының порталында «жеке тұлғаларға арналған ЭЦҚ» алу үшін алдын ала өтінім беру қажет. Ол үшін NCALayer бағдарламасын орнатып, ЖСН енгізіп, тиісті бағандарды толтыру қажет.

Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат және өтінім бергеннен кейін қалыптастырылған, бірегей нөмірі мен өзінің қолы бар өтініш негізінде консулдық лауазымды адам ЭЦҚ кілтін шығаруға өтінімді ақпараттық жүйеде растай алады. Бұдан кейін өтініш беруші Ұлттық куәландырушы орталығының порталында шығарылған сертификаттарды (ЭЦҚ) іске қосуы қажет.

Айта кетерлігі, Қазақстанның мобильді азаматтары базасында телефон нөмірі тіркелген жағдайда ЭЦҚ-ны қашықтан (бармай) алуға болады.


Жоғары қарай