Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Лозаннадағы қысқы Олимпиадаға аттанды

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 16:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Швейцарияның Лозанна қаласында жасөспірімдер арасында өтетін ІІІ қысқы Олимпиада ойындарына аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастарды Олимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі елордадағы «Сарыарқа велотрегінде өтті. Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев пен ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов қатысты.




Алдағы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапындағы 26 атлет ел намысын қорғайды. 15-18 жас аралығындағы спортшылар тоғыз спорт түрінен бақтарын сынайды. Қысқы ойындардың ашылуы мен жабылуы Лозаннада өтеді.

«Бұл шынымен де маңызды әрі кешенді спорттық жарыс. Қазақ елінің делегациясы үшінші рет жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысады. Ұлттық Олимпиада комитетінің атынан жас спортшыларға сәттілік тілейміз. Бұл спорттық сайыстан алар тәжірибелеріңіз ұшан-теңіз болмақ. Қазақ елінің Туын көтеріп, әнұранын шырқатып қайтуға тілектеспіз», - деді салтанатты жиында Елсияр Қанағатов.




Өз кезегінде Серік Сәпиев жастардың еліміздің айбынын асқақтатып қайтуына тілектес екенін білдірді.




«Жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына санаулы күн қалды. Осы Олимпиада сіздердің Отанымыздың абыройын лайықты қорғап, әлем алдында елімізді тағы бір қырынан танытар деп сенім білдіреміз. Жарыс жолында сіздерге сәттілік жолдас болсын», - деді ол.

















Жоғары қарай